Атырау облысының Бас имамы, Алтынбек Ұтысханұлы және дін маманы Ринат Қалмазұлы «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері «Дін және зайырлы мемлекет» тақырыбында насихат айтып, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
«Қазақстан – біртұтас, зайырлы мемлекет. Бірақ, зайырлы мемлекет пен дінді бір-біріне қарама-қайшы ұғым ретінде қарауға болмайды.
Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөліне алмайды. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Кездесу барысында дін мамандары ұлттық құндылықтарды дәріптеудің ұрпақ тәрбиесіндегі ролі, жеке тұлға болып қалыптасудағы ізденістің маңызы, рухани құндылықтар тақырыптарында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Еске сала кетелік, «Жәрдем – Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға 50-ге жуық мұнай саласының маманы қатысты.