Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, «Жәрдем – Атырау» корпоративтік қоры директорының орынбасары Ербол Жаулин Білім-инновация лицейінің оқушыларымен кездесті.
Кездесу барысында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы жастарға білім алудың маңыздылығы, жат ағымнан сақтану жолдары тақырыптарында насихат айтып, аудитория тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
«Біздің басты міндеттеріміздің бірі қазақстандық отансүйгіштікті, адамның құқықтары мен бостандықтарын құрмет ететін азамат тәрбиелеу.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет – бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан- жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.
Негізінен Алла Тағаланың кітабында және Оның Елшісінің ﷺ хадистерінде ілім (ғылым) сөзі жалпылай түрде келген. Сондықтан бұл сөз жақсылыққа бастайтын, жер бетін гүлдендіруге, адамдарға қажетті барлық пайдалы ғылымдарға қатысты кең мағынаны қамтиды» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.