Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Әсем киім – әйел ажары» атты мұсылман әйелдерінің сән байқауында атыраулық дизайнер Жұмагүл Насқызы Дюсемалиева өнер көрсетіп, марапатқа ие болды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тігіншілікке бейім, сән өнерін серік еткен шеберлер бақ сынаған сайыста жерлесіміз «Жайық қызы» деп аталатын мұсылман қыздарына арналған авторлық киімдер топтамасын ұсынды.
Жұмагүл Насқызы – тек дизайнер ғана емес, Атырау облысының әйел-қыздар секторы жанындағы Әжелер мектебінің және қажылар қауымдастығының төрайымы, «Ұршық» қолөнер шеберлер қауымдастығының, «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығының, ардагерлер ұйымының мүшесі. Сонымен бірге, Ақжар ауылындағы «Өмір – дария» ансамблінің белсенді қатысушысы.
Ол — әмбебап қолөнерші, студент, ана және әже. Мұсылман киім үлгілерін жасаумен қатар, киіз өнерімен де айналысады. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып, ұлттық дәстүрді дәріптеуде.




