АТЫРАУЛЫҚ ИМАМДАРДЫҢ ИГІЛІКТІ ІСІ

Сұлтан Бейбарыс мешітінде адамгершілік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткен игі іс атқарылды.

Жалғыз ғұмыр кешкен, жасы үлкен Мағрипа есімді қарт ананың дүниеден өткендігі туралы хабарды естіген мешіт ұжымы марқұмды иесіз қалдырмай, барлық ұйымдастыру жұмыстарын толықтай өз жауапкершілігіне алды.

Жаназа рәсіміне қатысты барлық діни талаптар — марқұмды жуындыру, кебіндеу, жаназа намазын оқу және ақтық сапарға шығарып салу рәсімдері Сұлтан Бейбарыс мешітінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Аталған игі іс мешіттің тек құлшылық орны ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті де терең сезінетін рухани орталық екенін айқындай түсті.