Атыраулық қари ижаза алды

Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы, қари Еркебұлан Сержанұлы Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтының Құран ижаза бөлімінде білім алып, Асым қырағатының Хафс және Шұғба риуаяты бойынша, аш-Шатыбия жолымен Құранды толықтай меңгеріп, ижаза куәлігін иеленді.

Қасиетті Құранды жаттап, оны дұрыс әрі дәл риуаятпен оқу – үлкен жетістік. Қари Еркебұлан Сержанұлына ижаза куәлігін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы табыстаған болатын.

Бүгін, қасиетті жұма күні, Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жұма намазына жиналған жамағат алдында қари Еркебұланды құттықтап, алдағы уақытта аптаның үш күнінде оның Құран ілімі бойынша арнайы сабақтары өтетінін жеткізді.

Атырау өңірі үшін бұл – үлкен рухани жаңалық. Қари Еркебұлан ұстаздың ілімін қажет ететін жамағат үшін есік ашық,-деп тілегін жеткізді бас имам.