Ауырмайтын адам жоқ. Тағдырдың сан алуан, қатпар-қабат парақтарында қай пенденің болсын сырқатты кезі бар.
Алайда әркім оны әртүрлі қабылдайды. Бірақ кім-кімнің болсын осы сәттерде көңілі сырғанай түсетіні рас. Біз, мұсылмандар, жақсылықтың да, жамандықтың да Алладан екеніне кәміл сенеміз.
Жаратушы Алла Тағала қайсыбір пендесіне ауру-сырқау берсе, демек пендесін сынап жатқаны. Алла пендесіне көтере алмайтын сынақ бермейді. Сабыр етсе, мол сауапқа кенеледі. Ауруға төзудің өзі – сіздің амал дәптеріңізге жазылатын сауап. Алла Тағала дертпен сынаған пендесінің күнәсін кешіреді. Бұл жайлы хадисте: «Мүмінге келетін шаршау, ауру, қайғы, уайым, азап, тіпті аяғына кірген тікен де бекер емес. Алла осы ауыртпалығы арқылы оның күнәларын кешіреді» дейді (Муттәфәқун алейһ).
Демек, бұл қиындықтардың, соның ішінде аурудың себебінен Алла Тағала пендесінің күнә-қателіктерін кешеді. Жаратушы өз пендесіне ауру берсе, оны жек көргенінен немесе оған жамандық қалағанынан емес, керісінше оны жақсы көріп, оған жақсылық қалағанынан оған осындай ауырпашылық береді. Бұл туралы сахаба Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла кімге жақсылық қаласа, оның басына мусибат береді», – деді» деп жеткізген (Бұхари).
Ал ауырып жатқан адамның жағдайын сұрап барған адамға жолында періштелер тілеуін тілейтінін білесіз бе? Жаппар Иеміз бізге денсаулықты аманат етті. Аманатқа қиянат жасау – мұсылманға жат қылық. Сондықтан адам өзіне селсоқ қарағаны дұрыс емес. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін мақал бар. Қазіргі таңда жайылып жатқан індеттің алдын алу да денсаулықты сақтау, қорғауға текелей байланысты. Сахаба Әбу Муса әл-Әшғари: «Алланың елшісі: «Пенде ауырса немесе сапарға шықса, Алла Тағала оған дені сау, тұрғылықты кезіндегі жасаған ең жақсы амалының сауабындай сауап жазады», – деді» деп жеткізген (Бұхари).
Адамға ауыр тиетін ауру келгенде сағы сынып, тәлкек қылған тағдырды талақ етуге болмайды. Әрине, сынақ қабырғаңды сындырып, жаныңа батар. Алайда, Алла сізге оның сыйын дайындап тұрса, жүректер тынышталмай ма?! Сахаба Муаз ибн Жәбал (р.а.) айтады: «Алла бір мүмін құлын аурумен сынағанда сол иықтағы періштеге «Оның күнәларын жазуды тоқтат» дейді. Ал оң иықтағы періштеге «Менің бұл пендеме өзінің дені сау кезінде жасаған ең жақсы амалының сауабын жаз, өйткені ол менің панамда», – дейді» («Тәнбиһуль-ғофилин» кітабынан).
Сырқаттанған пенде ең әуелі бұл аурудың Алладан келгеніне иланып, оған толық тәуекел ету қажет. Ауырған адам сауығып кетуі үшін аурудан қорықпауы керек. «Ауырғанның бәрі өле берсе, аспан асты бос қалар» деген екен Жүсіп Баласағұн. Науқас сауығып кететініне сеніп, үмітін үзбеуі тиіс. Себебі сахабалар ауырып қаламыз деп еш қорықпаған. Олардың сенімі мықты болғаны сондай, Құран оқыса сауығып кететін еді. Өйткені, Құранда шипа бар.
«Дені саудың – жаны сау», «Ауру желмен келiп, термен шығады» дейді халық даналығы. Басқа ауру түскенде онымен күресу қажет. Шынтуайтында, адамның рухы жеген азығымен тығыз байланысты. Астың адал болмағы да осындайда маңызды. Халқымыз «Ауру – астан» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан бұл сынақ келгенде байбалам салмай, Аллаға деген сеніммен әрекет ету керек. Алла қарттарымыздың, өзіміздің һәм ұрпағымыздың денін сау етсін!
Қанат ЖҰМАҒҰЛ,
Жамбыл облысының бас имамы.