БАС ИМАМ АТЫРАУ ТЕЛЕАРНАСЫНА СҰХБАТ БЕРДІ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Атырау телеарнасындағы “Үш таған” тікелей эфир бағдарламасына арнайы қатысып, Құрбан айт мерекесінің мән-мағынасы, қоғамдағы орны және биылғы мерекелік іс-шаралар жайында кеңінен сұхбат берді.

Сұхбат барысында бас имам қасиетті Құрбан айттың мұсылман жамағаты үшін рухани тазару, бірлік пен бауырмалдықты нығайту мерекесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, құрбан шалу рәсімінің шариғаттағы орны, оның әлеуметтік маңыздылығы, мұқтаж жандарға көмек көрсету тұрғысындағы сауапты тұстары жайлы жан-жақты түсіндірме берді.

Болатбек Ұласқанұлының айтуынша, Атырау облысы бойынша Құрбан айт мерекесіне орай арнайы құрбан шалатын орындар белгіленіп, санитарлық талаптар мен тәртіп ережелері қатаң сақталады. Құрбандық еті алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға үлестіріледі. Мешіттер жанынан ұйымдастырылатын қайырымдылық шаралары, мерекелік насихат жұмыстары, ағартушылық кездесулер де Құрбан айт аясында кеңінен жүргізіледі.

Сұхбат соңында бас имам барша жұртшылықты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, елге амандық, халқымызға бірлік пен игілік тіледі.