Бас имам Болатбек Ұласқанұлы жұма намазын жүргізді (+ФОТО)

Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы “Иманғали” орталық мешітінде жұма уағызын жүргізді.

Қасиетті жұма намазы кезінде Бас имам барша жамағатты Рамазан айының келуімен құттықтады.


«Рамазан айы – қасиетті Құран түсірілген ай. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Рамазан айы сондай бір ай, онда адамдарға тура жол және (ақ пен қараны) ажырататын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім айды (рамазан айын) көрсе, оразасын ұстасын», – деген («Бақара» сүресі, 185-аят).
Рамазан айы жыл ішіндегі ең абзал, ең қадірлі ай екені сөзсіз. Оның артықшылықтары көптеген хадистер мен ғалымдар сөзіне, сонымен бірге небір өлең шумақтары мен түрлі кітаптарға арқау болған.

Алайда, бұл айдың артықшылықтары жайлы айтылған сөздердің ішіндегі ең көркемі – Алла Тағаланың Құрандағы мақтауы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіріп келген кезде:
«Берекелі ай Рамазан айы кіріп келді. Ұлы Алла сендерге бұл айдың оразасын ұстауды міндеттеді. Бұл айда жәннаттың есіктері ашылады, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді. Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалса, (бүкіл жақсылықтан) мақұрым қалғаны», – деген.


Бір сөзбен айтқанда, Рамазан – он екі айдың сұлтаны, ең ұлығы. Бұл айда мейірім есіктері ашылып, сол есіктерден Жаратушымыздың мейірімі, жақсылығы мен берекесі, кешірімі төгіледі.

Сондай-ақ мейірім періштелері түседі. Пенделердің ұстаған оразалары мен істеген жақсы амалдарының сауаптары бірнеше есеге арта түседі,-деп атап өтіп қасиетті айда қайырымдылық жасап, ауызашар рәсімдеріне атсалысуға мүмкіндік бар» деп атап өтті Бас имам.