Атырау облыстық Иманғали орталық мешітінің жанындағы Құран жаттау және сауат ашу орталығында білім алған 8 шәкіртке сертификат табысталды. Қасиетті Құранды жүрегіне тоқып, діни сауатын жетілдірген шәкірттерге облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы салтанатты түрде сертификат табыстап, иықтарына шапан жапты.
“Сіздер діни ілімнің алғашқы баспалдағынан өттіңіздер. Бұл – рухани жолдың бастауы ғана. Алла қаласа, алдағы уақытта еліміздегі медресе-колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алып, елге, дінге қызмет ететін азамат боласыздар. Бүгінгі жетістіктеріңіз – ертеңгі үлкен мақсаттардың бастауы болсын”, – деді бас имам шәкірттерге арнаған сөзінде.
Шара барысында бітіруші шәкірттердің ата-аналары орталық ұстаздарына ризашылығын білдірді.
Бас имам қазақы дәстүр бойынша киілген шапан – құрметтің, ал діни білімге берілген сертификат – жауапкершіліктің нышаны ретінде қабылдаңыздар деді.
Иманғали мешіті жанындағы бұл орталықта қазіргі таңда 30 шәкірт білім алып, құран жаттауда.










