Атырау облысының бас имамы Болатбек Әбу Құрманғазы аудандық Темірәлі мешіті жанындағы сауат ашу және Құран жаттау орталығының шәкірттерімен кездесті.
Кездесу барысында бас имам шәкірттерге білім алудың маңызы, тұлға болып қалыптасу, алған білімді дұрыс жолда пайдалану және қоғамға пайдалы азамат болу тақырыптарында насихат айтты. Сондай-ақ шәкірттерге ізгі тілегін білдіріп, бата берді.
Болатбек Ұласқанұлы өз сөзінде: Алланың ең үлкен нығметтерінің бірі – білім. Білім – адамның жүрегіне нұр, өміріне бағыт береді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Білім іздеу – әрбір мұсылманға парыз» деген хадисін жадымызда ұстайық.
Білімді тек жинап қана қоймай, оны дұрыс жолда қолдану – үлкен аманат. Өзіңнің ғана емес, отбасыңның, қоғамыңның пайдасына жаратар білім – шынайы білім болып саналады.
Тұлға болып қалыптасу үшін ең алдымен адам өз-өзін тәрбиелеуі, ізгі мінезге ұмтылуы тиіс. Шариғат үйреткен әдепті, адалдықты, сыйластықты бойға сіңірсек, біз қоғамға да, дінге де пайдалы азамат боламыз.
Сіздерге береке-бірлік, ізгілік пен амандық тілеймін. Алла алған білімдеріңізді баянды етіп, халыққа қызмет ететін, иманды да ізгі ұрпақ болуларыңызды нәсіп етсін!” — деп атап өтті.
