БАС ИМАМ “SHAPAQAT PODCAST”-ТА ҚОНАҚ БОЛДЫ

Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы “Shapaqat Podcast” жобасының кезекті шығарылымына арнайы қонақ болып қатысып, өңірдегі діни жағдай, қоғамда жат ағымдардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар және рухани тәрбие мәселелері жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Сұхбат барысында Бас имам қазіргі діни ахуалдың тұрақтылығы мен ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікке тоқтала келе, жастармен жұмыстың маңызын ерекше атап өтті.

“Бүгінде Атырау өңірінде діни тұрақтылық бар. Бұл — мешіт имамдарының, дін қызметкерлерінің, сондай-ақ жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың бірлесе атқарып жатқан жүйелі жұмысының нәтижесі. Жат ағымдардың алдын алу — тек дін қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы жолда біз жастармен жиі кездесіп, түсіндіру, тәрбиелеу бағытында жұмыс жүргізудеміз. Әсіресе, интернет кеңістігіндегі діни сауатсыздықтың алдын алу — басты назарымызда”, — деді Болатбек Ұласқанұлы.

Сонымен қатар сұхбатта:

Діни білім беруді жүйелеу, отбасындағы рухани тәрбиенің рөлі, қоғам мен діннің байланысы, мешіттердің әлеуметтік институт ретіндегі маңызы сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.

“Shapaqat Podcast” — еліміздегі рухани және әлеуметтік мәселелерді ашық талқылауға арналған заманауи платформа. Бұл жоба дін саласындағы сарапшылардың, имамдардың, ұстаздардың пікірін көпшілікке жеткізуге мүмкіндік береді.

Толық сұхбатты “Shapaqat Podcast” ресми YouTube арнасынан көре аласыз.