БАС ИМАМ СТУДЕНТТЕРГЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне арнайы шақырылып, дінтану мамандығында оқып жатқан студенттерге дәріс оқыды. Бас имамды студенттерге гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің деканы, философия ғылымдарының кандидаты Сағынғерей Болатқалиұлы мен кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан таныстырып, дін саласындағы өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасу мақсатының маңызын атап өтті.

Дәріс барысында Болатбек Ұласқанұлы дінтанушы мамандардың қоғамдағы рөліне тоқталып, білімді кадрларға сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
«Қазіргі таңда дінтанушы мамандар тек мешіт пен діни ұйымдарда ғана емес, білім беру ұйымдарында, мемлекеттік мекемелерде, құқық қорғау саласында, ақпараттық-ағартушылық орталықтарда, зерттеу институттарында да жемісті еңбек етіп жүр. Дінтану – қоғаммен тікелей байланыста болатын, елдің рухани қауіпсіздігіне қызмет ететін аса қажетті мамандық. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз, дүниетанымдарыңыз – ертеңгі тұрақтылықтың кепілі», – деді бас имам өз сөзінде.

Қонақ дәріске студенттермен қатар университеттің профессор-оқытушылар құрамы да қатысты. Бас имам қатысушылар қойған сұрақтарға жауап беріп, дәстүрлі ислам құндылықтары, заманауи діни ағымдар, ақпараттық кеңістіктегі діни сауаттылық сияқты маңызды бағыттар бойынша ой бөлісті.

Жиын соңында Болатбек Ұласқанұлы университет ректоры Саламат Нұрмұханұлымен кездесіп, дінтану саласында бірлескен жобалар жүргізу және ғылыми-әдістемелік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.