БАС ИМАМ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АЛҒЫС БІЛДІРДІ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Иманғали орталық мешітінде жұма насихатын жүргізіп, жамағат алдында «Отбасында ата-ананың және перзенттің құқығы мен орны» тақырыбында уағыз айтты.

Бас имам өз сөзінде:
«Алла тағала Құран Кәрімде ата-анаға құрмет көрсетуді перзент үшін парыз етіп бекіткен. Әке-шеше – отбасының тірегі, бала – Алланың аманаты. Ата-ананың перзент алдындағы міндеті – тәлімді тәрбие, адал несібе, дұрыс жолға бағыттау болса, перзенттің ата-ана алдындағы борышы – құрмет, ризашылығын алу, дұғасын иелену. Қоғамның берекесі – отбасыдан басталады. Әр шаңырақта ата-ана мен бала арасындағы сыйластық берік болса, елдің іргесі де мығым болады» – деп атап өтті.

Жұма намазынан соң өңірде бірнеше жыл имамдық қызмет атқарып, дін мен қоғамға өзіндік үлес қосқан Арман Әділбекұлы, Саламат Насихатұлы және Ержан Иманғалиевке жамағат алдында алғыс білдірілді. Оларды құрметпен шығарып салу рәсімі ұйымдастырылып, иығына шапан жабылды.

Бұл игі дәстүр имамдық жолда қызмет еткен бауырларға деген құрмет пен сыйластықтың айғағы ретінде өтті.