Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесті.
Кездесуде өңірдегі діни ахуал талқыланды. Сонымен қатар, имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру, дін қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау, аймақтағы мешіттерді кадрлармен қамтамасыз ету, халыққа дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу, жастарды деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтандыру т.б. мәселелер сөз болды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқымыздың біртуар тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев есімін жаңа облыс орталығындағы қалаға беру туралы бастамасы біздің діни саладағы жұмысымызға оң серпін беруде. Қонаев қаласынан Діни басқарма өкілдігін аштық» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесуде ҚМДБ Төрағасы облыс басшысына игі ниетін жеткізіп, жаңа қызметіне береке тіледі. Басқосу соңында тараптар ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.