БАС МҮФТИ НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАДЫ

Бүгін Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде бітіруші түлектерге салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті.

Аталған шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, жас мамандарға ізгі лебізін білдірді.

Салтанатты жиында Бас мүфтимен қатар ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов, университет ұжымы мен оқытушы-профессорлар құрамы, студенттердің ата-аналары және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бітіруші түлектерді құттықтап, олардың діни саладағы жауапкершілігі мен миссиясының маңыздылығына тоқталды.

«Баршаңызды бүгінгі қуанышты, мерейлі күн – Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің бітіруші түлектеріне диплом табыстау рәсімімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек диплом алу сәті ғана емес, еліміздің руханияты мен діни саладағы жаңа буынның сапқа қосылар тарихи кезеңі.

Исламтану мамандығы бойынша биыл 250 студент оқуын аяқтады. Университеттің 84 түлегі дін саласында қызмет етуге өтініш білдірген, олардың жұмыс орындары да белгілі. Атап айтқанда, 10 түлек еліміздегі медресе колледждерде, 74-і мешіттерде имам, наиб имам, ұстаз қызметтерінде жұмыс істейді. Қызметке бөлінген түлектердің 55-і ұлдар болса, 29-ы қыздар» , -деп атап өтті Бас мүфти.

Айта кетейік, биыл оқу жылында университетті 414 студент сәтті аяқтап, үлкен өмірге жолдама алды. Оның ішінде 28 түлек магистратура бағдарламасын тәмамдаса, қалған 386-сы – бакалавриат түлектері.