Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қажылық пен умра сапарын ұйымдастырудағы өзекті мәселелерді талқылап, қазақстандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бағытында пікір алмасты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы министрге қазақстандық қажылар үшін қолайлы жағдай жасауға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, әуе тасымалының қолжетімділігі мен бағасын реттеу, қонақүй қызметтерінің сапасын көтеру, төлем жүйесін жеңілдету және қажыларға көрсетілетін сервисті жетілдіру мәселелерін атап өтті.
Өз кезегінде Сауд Арабиясы Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа Қазақстаннан келетін қажыларға барынша қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Кездесу соңында тараптар қажылық пен умраға байланысты бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты.
Айта кетсек, биыл елімізден 4 500 жерлесіміз үлкен қажылығын өтеп келді. Отандастарымызға 15 туристік компания қызмет көрсетті. Қажыларға қызмет көрсетуге лайықты 15 турфирма конкурстық негізде анықталған болатын.
