Бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Сенім экстремизмге қарсы: діндердің бітімгерлік әлеуеті» тақырыбындағы төртінші секция отырысында баяндама жасады.
Өз сөзінде Бас мүфти еліміздегі бейбітшілік дәстүрінің маңызын атап өтіп:
«Бірлік пен бейбітшіліктің алтын бесігіне айналған еліміз тұрақты түрде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізіп келеді. Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде: «Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты», – деп атап өткен еді», – деді.
Сонымен қатар, Наурызбай қажы Тағанұлы:
«Расында бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды», – деп ой түйді.
Басқосу барысында Сауд Арабиясынан Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас хатшысының орынбасары доктор Юсеф Мұхаммед Әлдубай, Финляндия Эвангелиялық-лютеран шіркеуінің примасы Тапио Юхани Луома, Франция Сыртқы істер министрлігінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Жан-Кристоф Пооссель, Еуропалық мұсылман көшбасшылары кеңесінің төрағасы имам Яхья Паллавичини, АҚШ-тағы Еуразиялық еврейлерді қолдау ұлттық коалициясының жетекшісі Марк Левин, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Елнар Берікбаев және Чехия Республикасының Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Роберт Ржегак баяндама жасады.


