ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапармен барды.
ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мен облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті ардагерлер кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен кездесті.
Облыс әкімі Құмар Іргебайұлы өңірдегі игі істер жайлы баяндап өтті.
Аймақтағы діни ахуал сөз болған кездесуде Бас мүфти Діни басқарманың жеті бағыт бойынша жұмыстары жайлы баяндады.
«Солтүстік Қазақстан облысындағы діни ахуал менің жіті назарымда. Шекаралық аймақтағы жұмыстарға ерекше көңіл бөліп, осы өңірге білімді, тәжірибелі дін қызметкерлерін жіберіп отырмыз. Бұл бағыттағы іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асады» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жиында Құмар Іргебайұлы осыған дейін облыстың бас имамы болған Кенжетай Байкемелұлына игі тілегін білдіріп, Құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен бірге ардагерлер кеңесі және Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері де Кенжетай Дүйсенбайға ізгі ниеттерін жеткізді.
Кездесу соңында Бас мүфти облыс әкіміне «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.