БАС МҮФТИ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына барған сапарында «Алмалы» мешітінде жұма намазын жүргізіп, жамағатқа уағыз айтты.

«Исламдағы тәрбие негіздері» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Жаратушының адам баласына беретін бұл дүниедегі үлкен нығметтерінің бірі – перзент сүю. Перзенттің дүниеге келуі арқылы ерлі-зайыптылардың отбасылық өміріне мән-мағына кіріп, ортақ мақсат қалыптасады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф»сүресінің 46-аятында:
​«Мал мен балалар – дүние тіршілігінің сәні», – деп айтылған.
​Балалар біздерге берілген нығмет болуымен қатар оларға тәрбие беру – аманат. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
​«Кімнің баласы дүниеге келсе оның есімін көркем етіп қойсын әрі әдебін жақсартсын», – деген.
​Әрбір нығмет шүкірлікті қажет етеді. Жаратушыға ұрпақ бергені үшін шүкірлік айтуымыз – баламызға дұрыс тәрбие берумен өлшенеді. Осыны терең түсінген ата-бабаларымыз өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, әрбір шаңырақтың ұл-қызы ізгі, иманды да ибалы болып жетілуіне мән беріп, оны ұлттың болашағы ретінде қараған. Даналық сөзде: «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді», – деп айтылған.

Алла Тағала ұрпақтарымыздың иманды да ізгі болуын нәсіп етіп, халқымызға амандық, елімізге тыныштық бергей! Жаратушымыз қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!» деді.