Бүгін қасиетті жұма күні Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы “Иманғали” орталық мешітінде жамағатқа арнап «Үйленудің сауабы мен әдебі. Жар таңдау» тақырыбында жұма уағызын жүргізді.
Уағыз барысында бас имам отбасы құрудың исламдағы орны мен маңызына тоқталып, жар таңдаудағы діни және адамгершілік өлшемдер туралы кеңінен баяндады. Имамның айтуынша, отбасын құру – тек дүниелік емес, рухани әрі сауапты іс.
«Жар таңдауда ең басты назар — имандылық пен мінез-құлыққа аударылуы тиіс. Өмірлік серігін таңдауда адам материалдық жағдайдан бұрын, оның діні мен адамгершілігін ескеруі қажет», — деді Болатбек Ұласқанұлы.
Сондай-ақ, жұма уағызында имам жастарды адал некеге, ата-аналарды балаларының дұрыс жар таңдауына бағыт беруге шақырды. Қоғамдағы ажырасу мәселесіне де тоқталып, оның алдын алу жолдары ретінде діни білім мен тәрбие алудың маңызын атап өтті.
Уағыз соңында жамағатпен бірге елдің тыныштығы мен отбасылардың берекесі үшін дұға жасалды.

