СҰРАҚ: Дәрет алатын судың ерекшеліктері қандай?
ЖАУАП:
Аспаннан жауған немесе жер астынан шыққан және дәрет пен ғұсыл алу үшін пайдаланылатын су өзінің табиғи қасиеттерін, яғни түсін, дәмін және иісін сақтап қалуы тиіс. Бұл судың тахур, яғни таза және тазартатын болып саналуы шарт. Мәселен, шариғат бойынша таза табиғи су көздері ретінде: жаңбыр, қар, өзен, теңіз, көл және құдық суы секілді жер асты суларын айтады. Құранда Аллаһ тағала:
«…Аспаннан тап-таза жаңбыр жаудырдық»[1] десе, тағы бір аятта:
«…жуынып тазалануларың үшін, сендерден шайтанның салған шүбәларын кетіру үшін, жүректеріңді орнықтырып, табандарыңның нық тұруы үшін, төбелеріңе аспаннан жаңбыр жаудырып тұрды»[2] дейді.
Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде:
«Судың түсі, дәмі және иісі өзгермеген болса, таза болып саналады. Ондай су ласталмаған» деген.
Сондай-ақ фиқһ ғалымдары суда кейбір элементтердің болуы оның тазалағыш қасиеттерін жоғалтпайтындығын айтады. Мысалы, көп тұрып қалған суда пайда болатын балдырлар, су ішіне шаң, топырақ, ағаш, бұтақ, жапырақ, сабан, тұз және басқа да сол сияқты заттардың түсуі суды ластамайды. Демек, мұндай сумен дәрет және ғұсыл алуға болады деп рұқсат еткен.
Ал ішуден артылып қалған су, яғни қалдық
су араб тілінде «су’р» деп аталады.
Шариғат бойынша мұндай су жайылымдық жануарлардан (түйе, сиыр, қой, жылқы және
т.б.) қалса, таза су болып саналады. Өйткені жануарлардың сілекейі таза ағзадан
бөлініп шығатындықтан суды ластамайды. Сондықтан мұндай сумен де дәрет, ғұсыл
алуға болады.
[1] «Фурқан» сүресі, 48-аят.
[2] «Әнфал» сүресі, 11-аят.
(“Күнделікті діни сауалдарға жауаптар” кітабынан)