СҰРАҚ: Дәрет қандай жағдайда бұзылады?
ЖАУАП:
Дәретті бұзатын ластықтардың себебі төмендегідей:
1. Ағзадан түрлі ластықтардың: несеп, нәжіс, жел, қан, ірің және т.б. шығуы.
Егер дәрет алған кісі түзге шықса немесе жел шығарса, оның дәреті бұзылады. Дәретханаға баруды қаласа немесе ниеттенсе, бірақ, түзге шықпаса дәретті бұзбайды, себебі дәрет тек ластықтың сыртқа шығуынан немесе бөлінуінен ғана бұзылады.
Сонымен қатар, денедегі жарадан қан немесе қандай да бір сөл бөлінсе, дәрет бұзылады. Дегенмен, қан, ірің немесе басқа «бөліністер» денеге жайылмай, шыққан орнының (жара) шегінен аспаса, сондай-ақ, ауыз қуысы қанап, ол одан әрі жайылмаса, бұл жағдайда да дәрет бұзылмайды. Бір нәрсені тістеген кезде немесе тіс щеткасын пайдаланғаннан кейін қан іздері байқалса, бұл дәретті бұзбайды.
2. Дәрет асты, запыранды немесе қанды молынан құсқан кезде бұзылады. Дегенмен, жүрегі лоқсып, асқазаннан көтерілген асты немесе запыранды кері жұтып, оның бір бөлігін түкіріп тастаса, дәрет бұзылмайды.
Дәл сол сияқты, мұрын мен кеуде қуысынан бөлінген қақырықты шығарса немесе ауызда жиналған сілекейді түкіріп тастаса, дәрет бұзылмайды, себебі, бұл ағзаның таза сұйықтықтары болып табылады.
3. Дәрет естен тану, жындану, ұйқыға кету (еш нәрсеге сүйкенбей, отырып ұйықтаудан басқа), мас болу және адамның есі жұмыс жасамайтын басқа да ұқсас жағдайларда бұзылады. Себебі, мұндай сәтте адам есінен айырылып, өз-өзіне ие бола алмай қалады.
4. Ханафи мәзһабы бойынша, намазда тұрған кісі өзгелер еститіндей дауыстап күлсе, дәретімен қоса намазы да бұзылады.
Егер кісі намаз кезінде жымиса немесе үнін шығармай күлсе, дәрет те, намаз да бұзылмайды.
5. Ерлі-зайыптылардың жыныс мүшелерінің киімсіз немесе арада тым жұқа жамылғыш болған күйде бір-біріне тиюі дәретті бұзады. Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша, ешқандай бір сұйықтық бөлінбеген жағдайда дәрет бұзылмайды. Ал егер сұйықтық бөлінсе, дәрет бұзылады.
6. Жыныстық мүшеге қолын тигізу дәретті бұзатындығы немесе бұзбайтындығы туралы мәселеге келейік.
Имам Ханафидің көзқарасы бойынша, адамның өзінің жыныстық мүшесіне қол тигізуі дәретті бұзбайды. Бұған дәлел ретінде ханафилер келесі хадисті келтіреді:
«Өзінің жыныстық мүшесіне қолы тиген адам дәрет алуы тиіс пе?» деген сауалға Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп жауап берген: «Бұл сенің бір бөлігің немесе сенің бөлігің болып табылатын денеңнің мүшесі».
7. Белгілі бір себеппен сумен дәрет алмаған, яғни, тәйәммүм (құммен немесе таза топырақпен сүртіну) алған адам суға қолы жетсе немесе мәсісіне мәсих тартқан мерзімі аяқталған болса дәрет бұзылады. Жолаушы үшін сүртіну (мәсих) мерзімі – үш тәулік, ал жолаушы еместерге – бір тәулік.
(“Күнделікті діни сауалдарға жауаптар” кітабынан)