2025 жылы еліміздің әр аймағында өткен халықаралық спорттық жарыстарға Атырау қаласындағы «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің қызметкері Қалиев Нұржан мен «Қайтпай Сұлтан» мешітінің наиб имамы Наркес Боханов белсене қатысып, ерік-жігері мен спорттық шеберлігін көрсетті.
Атап өтер болсақ Қалиев Нұржан Бурабайдың көгілдір айдынында өткен X-WATERS KAZAKHSTAN жарысында 500 метрлік спринттік қашықтықта мықтылармен қатарлас үздік нәтиже көрсетсе,
Каспий жағалауындағы OCEANMAN AKTAU халықаралық марафонында 1500 метрлік жүзуде төзімділік пен шыдамдылықтың үлгісін көрсетті. Мешіт қызметкерлері Индер ауданында өткен XTRI INDER триатлонында 600 метрлік жүзу, 30 шақырымдық веложарыс және 10 шақырымдық жүгіру кезеңдерінен сүрінбей өтіп, нағыз қайсарлықтың үлгісін паш етті.
Тарихи Сарайшыққа бағытталған «Tour de Saraishyq 2025» велошеруінде де үш жүзге жуық спортшының қатарында қос дін қызметкері велосипед тізгінін тартып, бабалар рухын ұлықтап, өңірдің туризмі мен спортын насихаттауға үлес қосты.
Осынау айтулы марафондар мен сайыстарда қажырлы да қайсар жүрек иелері – Қалиев Нұржан мен Нәркес Боханов ел намысын абыроймен қорғап, жас ұрпаққа салауатты өмір салтын дәріптеуде өнеге бола білді.






