Жат ағымнан сақтандыру және қоғамда жамағат арасында дұрыс діни түсінік қалыптастыру мақсатында облысқа қарасты мешіттерде қызмет атқарып жүрген білікті ұстаздардан құралған ілім алқасының ұстаздарына арналған жиын өтті.
Басқосуда діни білім берудің сапасын арттыру, жамағатқа насихат айтуда ортақ әдістемені қалыптастыру, сондай-ақ қазіргі қоғамда жиі кездесетін діни сұрақтарға сауатты әрі дұрыс жауап беру мәселелері кеңінен талқыланды. Ұстаздардың тәжірибе алмасуына, оқу бағдарламаларын жүйелеуге және сабақ өткізу барысындағы өзекті тақырыптарға ерекше назар аударылды.
Жиын барысында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы имамдар мен ұстаздардың қоғамдағы рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде діни сауаттылықты арттыру арқылы қоғамда тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға болатынын атап өтіп, жамағатқа жеткізілетін әрбір діни ақпараттың дәлдігі мен жауапкершілігі аса маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, жиында алдағы уақытта ілім алқасы ұстаздары арқылы мешіттерде өткізілетін дәрістердің мазмұны мен бағыты нақтыланып, жоспарлы түрде жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.












