Алла Тағала адам баласын ең көркем етіп жаратқан оған құрандағы аяттар дәлел болады.
Иса ибн Мұса зайыбын тым жақсы көретін. Күндердің-күнінде ол әйеліне: «Сен айдан да сұлу болмасаң талақсың»-деп қояды. Мұны естіген жұбайы: «Сен мені талақ еттің. Енді маған көз салуыңа болмайды»-деп бөлмесіне қамалып алады.
Түнін уайымдаған күйде өткізген Иса ибн Мұса азанымен Әл-Мансур халифаға барып, болған жәйтті баяндап: «Уа мүминдердің әміршісі! Зайыбым талақ болса күнім қараңғы. Бұл жағдайда менің өлгенім артық»-деп басына түскен күйінішін білдіреді. Халифа Әл-Мансур Исаның қамын жеп жанына ғалымдарды шақыртып алады да олардан болған жағдайдың пәтуасын сұрайды.
Сонда жиналғанның бәрі: «Талақ түсті»-деген сөздерін айтады. (талақ түсті – яғни, ажырасты) Тек Әбу Ханифаның шәкірттерінің бірі үндеместен отыра береді. Әл-Мансур: «Сен неге үндемейсің?»-деп сұрағанда ол: «Бисмил-ләһир-рохманир-рохим. Інжір және зәйтүнге, Сина тауына және осы бейбіт қалаға серт. Расында Біз адамзатты ең көркем бейнеде жараттық»-деп «Тин» сүресін оқып береді.
Кейін: «Демек, бұл дүниеде адамзаттан көркем ешбір жаратылыс жоқ»-дейді. Сонда Әл-Мансур халифа Исаға: «Аллаһ Тағала сенің мәселеңді шешіп берді. Істің мәні Хақ Тағала айтқанындай. Енді әйеліңе бара берсең болады»-деп, соң әйеліне: «Күйеуіңе бағын! Ол сені талақ етпеді»-деп сәлем айтып жібереді Йә Алла, қандай көркем етіп жатарқан болсаң мінезімізді де сондай көркем қыла гөр!
Болат Әбдукәрім,
Әт – Тақуа мешітінің ұстазы.