Елордада жастар ұйымы көшбасшыларымен кездесу өтті

Бүгін Астанадағы Президент орталығы ғимаратында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жастар ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Күзекбай қатысты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нашақорлықпен күрес, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі және еріктілер қозғалысын дамыту сынды өзекті мәселелер талқыланды. Мемлекеттік кеңесші жастар ұйымдарының осы бағыттарда белсенділік танытуы маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, жыл басында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің бағдарлық баяндамасында жастар тәрбиесіне ерекше тоқталып, «Жастардың әдебі мен мәдениеті» құжатын қабылдаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл құжаттың жастарды жат қылықтар мен бейәдеп әрекеттерден аулақ болуға үндейтін маңызды рухани бағдар болатынын айтты.