Еркінқала мешітінде игі істер жүзеге асты

Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылындағы Қайтпай Сұлтан мешітінде бірқатар игі істер атқарылды. Мешіт ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жамағатқа арналған жаңа Құран оқу бөлмесі ашылды. Сондай-ақ, ҚМДБ баспасының кітаптары қойылған арнайы кітап бұрышы жасақталды.

Мешіт имамы Арман Амангелдіұлының бастамасымен шара барысында ауылдың үлкендеріне құрмет көрсетіліп, бес отбасыға қайырымдылық көмек берілді.

«Мешіт – тек құлшылық орны ғана емес, рухани және қайырымдылық орталығы болуы тиіс. Жамағатқа жайлы жағдай жасап, қоғамға игілік ету – біздің ортақ міндетіміз», – деді имам Арман Амангелдіұлы.

Жергілікті тұрғындар имам мен жамағаттың ұйымдастырушылығына алғыстарын білдіріп, мешіт жанындағы игі істердің жалғасын табуына тілектестігін білдірді.