Есту қабілеті шектеулі жандар мешіт тынысымен танысты

Атырау облыстық Иманғали орталық мешітіне «Ақ жайық» саңыраулар қорының өкілдері арнайы келіп, Алланың үйімен және оның қызметімен танысты.

Меймандарды мешіт ұстазы Арман Амангелдіұлы қарсы алып, мешіттің сәулеті мен құрылымы жайлы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, ұстаз жамағатпен жұмыс, діни сауат ашу курстары, қайырымдылық шаралары мен имамдардың күнделікті атқаратын қызметі туралы кеңінен баяндады.

Меймандар мешіт ішін аралап, намазханалар мен діни білім беру бөлмелерін көріп, рухани ортадан әсерлі күйде шықты. Кездесу барысында рухани құндылықтардың маңызы, мейірімділік пен ізгілікті насихаттау турасында пікір алмасылды.

Бұл кездесу – ерекше қажеттілікке ие азаматтарға діни және рухани бағыттағы ақпараттарды қолжетімді ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Иманғали орталық мешіті алдағы уақытта да осындай игі кездесулерге ұйытқы болуды жалғастырады