Ғұрыппен әмір ету дінімізде рұқсат етілген амал

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға тән. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Әр халық ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін ұстанып, келесі ұрпаққа беруге тырысады. Бұл туралы тарихшы В.Г. Белинский былай дейді: «Әдеп-ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Өз дәуірінде ардақталып, ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып, рудан-руға, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Олар халықтың сыртқы бейнесі болып табылады. Онсыз халық бет-әлпетсіз бейне, болымсыз тас мүсін тәрізді…».

Ислам дінінің келуімен қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары қайта бағаланғаны ақиқат. Кейбір салт-дәстүрлер асыл дініміздің құндылықтарына қайшы болып, уақыт өте келе ұмыт болды. Тағы бір салт-дәстүрлеріміз өзгеріске ұшыраса, үшіншілері еш өзгеріссіз бүгінгі күнге дейін сақталды. Осылайша, ата дініміз бен салт-дәстүріміз арасында сабақтастық орнады.

Қасиетті Құранда салт-дәстүр мен әдет-ғұрып жайында келесі аяттар бар: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» («Ағраф сүресі», 199-аят). Осыны ескере отырып, дін ғалымдары ұзақ уақыт бойы заман талабына сай дамып, халқымыздың өмірлік тәжірибелерімен толықтырылған белгілі-бір ережелердің жиынтығы болып табылатын салт-дәстүрлердің де қажет болған жағдайда шариғи дәлел бола алатынын айтқан.

Дегенмен, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, халқымыздың мәдени және рухани құндылықтарын мойындамай, ел арасына іріткі салып жүрген топтар бар. Олардың мақсаты – халықты дәстүрлі өмір салтынан жаңылдырып, ата-бабамыз салған сара жолдан адастыру.

Бұл үрдіске қарсы тұра білудің бірден-бір жолы – жастардың бойына салт-дәстүрімізді сіңіріп дәріптеу, оларды адамгершілікке, сүйіспеншілікке және еліне, жеріне, дініне жанашыр азамат етіп тәрбиелеу.

Халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары «көненің көзі» ғана емес, аңсап, сусап үйренетін, тәлімдік, тәрбиелік өнегеге айналуы керек. Бабалар мұрасы, атаның батасы, әженің өсиеті, мірдің оғындай шешендік сөздер, халқымыздың бойындағы сезімталдық, дархандық, қайырымдылық сияқты қадір-қасиеттер – бүгінгі және кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес байлық.

Қазақ – үлкенге құрметі, кішіге ізеті бар, аманатқа қиянаты, ешкімге жәбірі жоқ, жесірін өгейсітпеген, жетімін шеттетпеген, туған-туыс, көршінің хақысын беретін, адал мен арамның аражігін білетін халық.

Халқымыздың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов өзінің бір сөзінде: «Өткенді білмей, келешекті білу мүмкін емес. Бұрынғының парқын білгендер, бүгінгінің нарқын ұғады» деген болатын. Демек, кімде-кім салт-дәстүрсіз өмір сүре алам десе – бұл әдепсіздіктен туған бос қиял, білімінің таяздығы ғана. Себебі халқымыздың салт-дәстүрі және әдет-ғұрпы оның ғасырлар бойы дамуы барысында пайда болып, өмір сүруінің бір шартына айналғаны сөзсіз.

Біз «Алты жыл аш болсаң да атаңның салтын ұмытпа» деген қағиданы берік ұстанған ұлтпыз. Осыған орай ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлемдік сын-қатерді ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады.

Халқымызда «Уықты басқұр сақтайды, халықты дәстүр сақтайды» деген аталы сөз бар. Расында құдайсыз қоғам құру басты идеологияға айналған кешегі кеңес заманында дініміз бен салтымызды сақтап қалуға дәстүріміз күшті ықпал етті. Ел арасындағы діни құлшылықтар халқымыздың дәстүрлі рәсімдері ретінде қабылданды. Оны халқымыз жақсы біледі.

«Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты сөздің мәнін күн санап түсініп келеміз. Шариғатымыз халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Ғұрыппен әмір ету – дініміз рұқсат берген істің бірі.

Асылында қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп-негізі шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді. Қазақша «ғұрып» сөзі «әл-ъурф» сөзінен шыққан. «Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» сөзінен бастау алады. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. «Дәстүр» сөзі де арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді.

Мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде «әл-ъаада мухаккама» деген заңнамалық қағида бар. Мағынасы «әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады дегенді білдіреді. Демек кейбір кезде салт-дәстүр, ғұрыптар заңды дәлел ретінде қарастырылады. Бұл ереже фиқһ ілімі ғұламалары түзген, мақұлдаған аса маңызды қағидалардың бірі болып саналады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға дейін әдет-ғұрыптан пайда болған, яғни өмірдің өзі туғызған шариғат негіздеріне қайшы келмейтін дәстүрге тыйым салмады. Өкінішке қарай, соңғы кездері нақты діни білім алмаған кейбір жас буын өкілдері дәстүрге қарсы шығып, халықтың наразылығын тудыруда. Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыра ешқашан жамандықтың құралы болмаған.

Үлкендерге сәлем салып, ізет көрсетудің көркем үлгісін паш еткен келіндеріміз дуалы ауыз қариялардың ақ батасын алуға тырысқан. Бұл – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару – үлкен қателік. Құран мен хадистің негізгі мұрат-мақсатын ұғынбаған кейбір жастар астарлы мағынадағы аяттарды тікелей түсініп, қателікке бой алдыруда. Ғасырды ғасыр алмастырып, қаншама өзен өз арнасын өзгертсе де, ата-бабамыздың мұрасын қастерлейік, ағайын.

Алла Тағала асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын берік етіп, болашақ ұрпақтар үшін сақталуын нәсіп етсін. Әмин!

Ринат МАРАТҰЛЫ,

Алматы облысы «Қапшағай» мешітінің наиб имамы.