ҚМДБ «ХАЛАЛ ДАМУ» стандарттау және сертификаттау орталығының бас маманы Мейіржан Бауыржанұлы Атырау облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар діни-танымдық іс-шараларға қатысты. Сапардың негізгі мақсаты – халал өнімдерді тұтыну мәдениетін арттыру, жамағат пен дін қызметкерлеріне халал стандарттарының маңызын жан-жақты түсіндіру болды.
Аталған сапар аясында ол Иманғали орталық мешітінде жамағатпен жүздесіп, халал өнімдерді тұтынудың діни әрі қоғамдық тұрғыдағы мәні жөнінде тағылымды насихат айтты. Кездесу барысында халал ұғымының тек тағаммен ғана шектелмей, адал еңбек, таза табыс және жауапкершілік секілді құндылықтарды қамтитыны кеңінен түсіндірілді.
Сондай-ақ Атырау облысының имамдарына арналған арнайы жиында тағам қоспаларының түрлері, олардың шариғаттағы үкімі, заманауи өндірістегі қоспалардың қолданылу ерекшеліктері және халал индустриясының қалыптасу тарихы туралы жан-жақты мәлімет берілді. Бас маман халал стандарттарын сақтаудың маңызына тоқталып, тұтынушылардың да, өндірушілердің де жауапкершілігі арта түсуі керектігін атап өтті. Сонлай-ақ Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлымен бірге ҚМДБ Халал Даму мекемесінің сертификатын жаңартқан мекемелерге табыстады.
Жұмыс сапарының қорытындысында Мейіржан Бауыржанұлы Азан радиосы эфирінде сұхбат беріп, еліміздегі халал индустриясының қазіргі ахуалы, даму бағыттары, сертификаттау жүйесінің ерекшеліктері және қоғамдағы сенімділікті арттыру жолдары жөнінде кеңінен баяндады. Сұхбат барысында халал саласының экономикалық қана емес, рухани әрі әлеуметтік маңызға ие екені ерекше атап өтілді.










