ИМАМДАРҒА АРНАЛҒАН ХАЛАЛ ТАЛАПТАРЫН НАСИХАТТАУ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Атырау облысында имамдарға арналған халал талаптарын насихаттауға бағытталған арнайы жиын өтті. Басқосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал даму» бағытының өкілі Назарбай Абдраманов қатысып, дін қызметкерлеріне халал стандарттардың маңыздылығы жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиын барысында халал ұғымының тек тағаммен ғана шектелмейтіні, оның күнделікті өмірдің барлық саласын қамтитыны айтылды. Сондай-ақ, халал өнімдерге қойылатын талаптар, сертификаттау үдерісі және кәсіпкерлермен жұмыс істеу тетіктері жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға Назарбай Абдраманов нақты әрі тұшымды жауаптар берді. Әсіресе, қоғамда жиі кездесетін күмәнді өнімдер, халал белгісін заңсыз пайдалану, сондай-ақ тұтынушылардың сенімін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Шараның негізгі мақсаты – дін қызметкерлерінің халал саласындағы білімін жетілдіру, халық арасында дұрыс ақпарат тарату және халал мәдениетін қалыптастыру.