Қазақ халқының санасына иcлам діні бейбіт жолмен сіңісті. Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда біздің аумақты мекен еткен ойшылдар Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұраларының ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында исламның рөлі басымдықты әрі маңызды екендігін дәлелдей түспек.
Академик Ғарифолла Есім «Ұлттық идея – ел санасы» атты мақаласында: «Ұлттық идеяның үшінші тұғыры – интеллектуалды жасампаз қоғам туралы сөз қозғай отырып, діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге, дінге деген көзқарастарда әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Сондықтан діннің не екендігін, оның қысқаша тарихын танып, білу – әрбір саналы адамға мәдени қажеттілік», – деп атап көрсеткен болатын.
Бүгінгі мақаламызда ислам діні мен қазақ дәстүрінің сабақтастығын қарастыра отырып, олардың негізгі аспектілеріне тоқталамыз.
Діни салт-жоралғылар мен дәстүрлердің үйлесімі
Ата-анаға құрмет.
Адам баласы – Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлысы. Олай болса, осы адамзат ұрпағын Хақ Тағала ата-ана дәнекерлігімен көбейткен. Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – туған ата-анасы. Бұл қымбатты жандарды Алла Тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр», деген.
Бата беру
Қазақ халқында үлкендерден бата алу дәстүрі кең тараған. Бата – дұға, тілек. Ислам дінінде де дұға үлкен орын алады. Дұға – ғибадаттың мәйегі деген сөз бар.
Қазақ баталары көбінесе Алладан медет тілеп, жақсылық, амандық сұрауға бағытталған.
Яғни, осы жердің өзінде қазақ болмысындағы көп мәселенің хадистермен ұштасып жатқандығын көруге болады.
Отбасылық құндылықтар
Неке және отбасы. Ислам діні отбасылық құндылықтарды жоғары қояды, ал қазақ халқының дәстүрлерінде отбасы – қоғамның негізі. Неке қию рәсімінде екі мәдениеттің элементтері араласқан. Мысалы, неке қию кезінде имамның қатысуы және Құран оқылуы исламдық дәстүр болса, қалыңдықтың әке-анасынан рұқсат сұрау қазақ салты.
Меймандостық
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Аллаға және ақіретке сенген адам.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға, Ақырет күніне иман келтірсе, қонағына құрмет көрсетсін» деген. (Бұхари). Біз бұл хадистен келген қонаққа құрмет көрсетудің уәжіп (міндетті) екендігін білеміз. Өйткені, бұл – бұйрық, ал бұйрық орындалуға міндетті.
Қонақжайлылық қазақтардың ең маңызды қасиеттерінің бірі. Бұл қасиет ислам дінінде де маңызды орын алады.
Исламда қонақты қарсы алу, құрмет көрсету – сауапты іс. Сондықтан, қазақтардың қонақжайлық дәстүрлері исламдық құндылықтармен ұштасып жатыр.
Шыны керек, ұлттық және діни мерекелер арасынан да өзара үйлесім табуға болады.
Айталық, наурыз мейрамы. Наурыз – қазақ халқы үшін сан ғасырлық тарихы бар жаңа жыл мейрамы. Бұл мереке табиғаттың жаңаруы мен тіршіліктің басталуын білдіреді. Ислам дінінде де табиғат пен адамның жаңаруы маңызды ұғымдар. Наурыз мейрамы кезінде исламдық құндылықтар мен қазақ салттары бірге аталып өтеді, мысалы, Құран оқыту, көрші-қолаңға көмек көрсету.
Құрбан айт мейрамы – исламның басты мерекелерінің бірі. Қазақтар бұл мерекені ерекше атап өтеді. Құрбан айт кезінде құрбан шалу дәстүрі, етті бөлісу, мұқтаждарға көмек көрсету қазақ халқының қайырымдылық және қонақжайлық қасиеттерін көрсетеді.
Тәрбие және білім
Білімге ұмтылу. Ислам діні білім алуды парыз етеді, ал қазақ халқында да білімге деген ұмтылыс жоғары бағаланған. Халық арасында «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақал бар. Бұл екі мәдениетте де білімнің маңыздылығы ерекше орын алады.
Қорыта келе айтарымыз, исламдық құндылықтар мен қазақ халқының салт-дәстүрлері жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Ата-әже тәрбиесі, үлкенді сыйлау, имандылық пен инабаттылық қазақтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы исламда да әдемі айтылған дүние бар.
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақтан) құтқарыңдар» (Тахрим, 6).
Осы аяттағы құтқарудың мағынасын Әли ибн Әбутәліп (р.а.): «Оларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деп түсіндірген. Ал Хасан Басри: «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер», – деген.
Ислам діні мен қазақ дәстүрлері ғасырлар бойы бірге дамып, бір-бірімен тығыз байланысып, сабақтасып келеді. Бұл сабақтастық қазақ халқының мәдениеті мен рухани байлығының негізін құрайды. Қазақтардың салт-дәстүрлері исламдық құндылықтармен үйлесіп, ұрпақтан ұрпаққа берілуі – халықтың бірлігі мен тұтастығын сақтаудың маңызды факторы.
Алтынбек Ұтысханұлы, Атырау облысының Бас имамы