Ислам – ғылымға шақыратын жалғыз дін

Ислам діні ғылым мен білімге ерекше мән берген. Құрани Кәрімнің ең алғашқы аяты бұйрық болып «Оқы!» деп түсуінің маңызы бар.


Алла Тағала:
يَرْفَعِ اللّٰهُ الَّذ۪ينَ آمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذ۪ينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ
«Алла Тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ, өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді» («Мужәдилә» сүресі: 58/11) деуі арқылы білім алудың артықшылығын атап өткен.

Ал келесі аятта Алла Тағала білімді мен білімсіздің ара жігін ашып баяндап:
قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذ۪ينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذ۪ينَ لَا يَعْلَمُونَ
«Оларға: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» – деп айт» («Зумәр» сүресі: 39/9) деуі арқылы Раббымыз ілім-білімнің артықшылығын және қайталап, тасқа таңба басқандай қылып көрсеткен.
Бүкіл әлемге шырақ болған ардақты Пайғамбарымыз, адамзаттың ардақтысы (салла Аллаһу алейxи уә сәлләм) да өзінің көптеген өсиеттерінде ілім-білімнің артықшылығын атап көрсетіп, үмбетін қараңғылықтан құтылуға шақырған.

Алла Елшісі Салла Аллаһу алейһи уә сәлләм бір хадисінде:
«طلب العلم فريضة على كل مسلم ومسلمة»
«Білімді іздеу – әрбір мұсылман еркек пен әйелге парыз»,- деп білім іздеуді ер мен әйелге бірдей міндет еткен.
Келесі хадисінде Алланың елшісі Салла Аллаһу алейһи уә сәлләм: «Ғылымның сөніп, надандықтың белең алуы – қияметтің белгілерінен» (Муслим, Илм, 8) деп айтуы арқылы білімсіздіктің жайылуы ақыреттің белгілерінен саналатынын меңзеп өткен.
Енді білім алуға тоқталсақ. Жалпы білім алу шариғатта нешеге бөлінеді десек ғылым үйрену парыз айн және парыз кифая болып бөлінеді.

Парыз айнға – әрбір мұсылманға дініне қажетті маңызды істерді: Жаратушыны тану, арам мен адалдың аражігін ажырата білу, құлшылығын дұрыс орындауды үйреніп, білуі жатады.
Парыз кифая дегеніміз – егер бір адам оны орындаса,  басқасының мойнынан жауапкершіліктің түсуін білдіреді.

Егер оны біреуі де орындамаса,  қоғамның барлығы бірдей күнәһар болады. Бұған мысалы ретінде жаназа намазын оқуды келтіре аламыз.
Сол секілді ғылымдарды үйрену де парыз айн және парыз кифая болып бөлінеді. Парыз айн ғылымдарды ақылы бар, балиғатқа жеткен әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйел үйренуі қажет. Егер үйренбесе сол үшін күна арқалайды.


Егер парыз кифая ілімдерді кейбір мұсылмандар жетік түрде меңгерсе, онда олар сауапқа кенеліп, басқа мұсылмандардың мойнынан жауапкершілік түседі. Егер де мұсылмандардың арасынан белгілі бір ғылым саласын меңгерген ғалымдар шықпаса, онда барлығы тегіс күнаға батады.

Ал қазіргі таңда, өкінішке орай, мұсылмандардың басым бөлігі шариғат ілімдерін тастап қойып дүнияуи білімге ден қоюы ислами құндылықтардың шаң басып жатуына әкеп соғуда.

Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,
«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы.