Қай қоғамда да дінді түсіну, оны зерттеу мәселесі әрқашан өзекті болып келген. Әсіресе ислам дініне қатысты көзқарастардың қалыптасуына «ориентализм» ұғымы үлкен ықпал етті.
Ориентализм – батыс ғалымдарының Шығыс өркениетін, соның ішінде исламды зерттеуге бағытталған ғылыми ағымы. Бірақ ол зерттеулердің бәрі әділ әрі бейтарап болды деу қиын. Себебі көп жағдайда олар исламды өз көзқарастарының сүзгісінен өткізіп, кейде кемсітіп, кейде үстірт қана түсіндіріп отырған.
Шығыс – адамзат өркениетінің алтын бесігі. Математика, астрономия, медицина, философия – бәрінің іргетасы ислам өркениетінде қаланды. Әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Бируни сияқты ғалымдар бүкіл әлемге үлгі болды. Бірақ батыстық ориенталистер кейде осы мұраны мойындамай, оны екінші қатарға ысырып тастауға тырысқан.
Ислам адамды ең әуелі құлшылық пен жауапкершілік иесі ретінде қарастырады. Әрбір мұсылман тек өзін ғана емес, қоғамды да ойлауы тиіс. Құранда: «Сендерден бір қауым жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйсын» (Әли Имран, 104-аят) делінеді. Демек, исламдағы қоғам түсінігі – әділдікке, бірлікке және өзара құрметке негізделген.
Ал ориентализмде көбіне ислам қоғамы артта қалған, дамуға қабілетсіз етіп көрсетілді. Бұл – тарихи әділетсіздік. Өйткені мұсылман өркениеті ғасырлар бойы ғылымның, мәдениеттің, сауданың алдыңғы қатарында болды.
Ислам мен Шығыстық өркениетті дұрыс түсіну үшін бірнеше құндылықты атап өтуге болады:
- Иман мен құлшылық – адамның жүрегін тазартатын, қоғамға береке әкелетін негіз.
- Білім мен ғылым – исламда білім алу парыз. Бұл өркениеттің ілгерілеуінің басты себебі де осы.
- Әділдік пен жауапкершілік – қоғамдағы тұрақтылықтың тірегі.
- Отбасы мен бірлік – исламның ең үлкен байлығы.
- Өркениеттер диалогы – ислам басқа діндермен бейбіт қатынас орнатуды да қолдайды.
Исламды түсіну үшін оны мұсылмандық тұрғыдан қарау керек. Өкінішке қарай, ориентализмде көбіне үстірт, кейде қате пайымдар болды. Ал шын мәнінде ислам – адамды да, қоғамды да түзейтін, ғылымды да, руханиятты да қатар дамытатын дін.
Біздің міндетіміз – осы құндылықтарды дұрыс түсініп, өзгеге де жеткізе білу. Өйткені ислам – тек мұсылманның емес, бүкіл адамзаттың игілігі үшін жіберілген хақ дін.
Нұркен Мағриденұлы