Қазіргі қоғамда адам құқықтары мен әлеуметтік теңдік мәселесі жиі көтерілетін, маңызды тақырыптардың біріне айналды. Бұл ұғымдар – әділетті, бейбіт, дамыған қоғам құрудың іргетасы. Ислам діні де осыдан он төрт ғасыр бұрын адам баласына тиесілі құқықтарды айқындап, олардың орындалуына ерекше мән берген. Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде адам баласының қадір-қасиеті мен теңдігі нақты бекітілген.
Құранда: «Расында Біз адам баласын ардақтадық» (Исра сүресі, 70-аят) деп нақты айтылған. Бұл аят адамды қадірлеу, құрметтеу, оның ар-намысы мен құқықтарын сақтау – дініміздің басты талаптарының бірі екенін көрсетеді. Адамның қадірі – оның ұлтына, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына емес, иман, ақыл-парасаты мен жүрек тазалығына байланысты.
Исламдағы негізгі адам құқықтары
Ислам шариғаты адамға тиесілі көптеген құқықтарды белгілеп берген. Соның ішінде:
- Дінді таңдау еркіндігі. Ислам зорлық-зомбылықты құптамайды. «Дінде зорлық жоқ…» (Бақара сүресі, 256-аят) деген аят әрбір адамның сенім бостандығына құқы бар екенін айқындайды.
- Меншік құқығы. Ислам адамға адал жолмен табыс тауып, мүлік иесі болуына рұқсат береді. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз алу, ұрлық, қиянат – ауыр күнә.
- Әділет пен теңдік. Барша адам әділетті болуға міндетті. Алла Тағала әділеттілікті бұйырады: «Шын мәнінде Алла әділетті, жақсылықты және туысқа жақындарға жақсылық жасауды бұйырады…» (Нахл сүресі, 90-аят).
- Білім алу құқығы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» деп, бұл құқықты баршаға ортақ еткен.
- Ар-намыс пен абыройды сақтау құқығы. Адамның жеке басына, қадір-қасиетіне тіл тигізу – исламда ауыр күнәлардың бірі.
Теңдік – исламның басты қағидаларының бірі
Ислам діні ұлтқа, нәсілге, әлеуметтік жағдайға қарап адамды бөліп-жармайды. Құранда: «Ей, адамдар! Сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстар еттік. Алланың алдында ең абзалдарың – тақуаларың» (Хужурат сүресі, 13-аят) деп баян етілген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің Қоштасу қажылығы кезінде: «Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан еш артықшылығы жоқ. Сендердің бір-бірлеріңнен артық болуларың – тек тақуалықта» деп, теңдіктің нақты мысалын келтірген.
Әйел құқығы және ислам
Ислам діні әйелге ерекше мәртебе берген. Исламға дейінгі кезеңде әйелдер қорланып, олардың құқығы тапталды. Ал ислам келіп, әйелдерге мұрагер болу, білім алу, еркін таңдау жасау, отбасындағы қадірлі орын иесі болу сияқты құқықтар берілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннат – аналардың аяғының астында» деп, ананың, әйелдің қоғамдағы орнын биік қойған.
Ислам – тек діни сенім ғана емес, өмір сүрудің кемел жолын көрсететін өмір салты. Адам құқықтары мен теңдік мәселесі исламда нақты, терең әрі айқын түрде бекітілген. Бүгінгі заманда адамгершілік пен руханият дағдарысы туындап отырған шақта, исламның осы құндылықтарын кеңінен насихаттап, қоғамның рухани негізін күшейту аса маңызды.