Иман сөзінің шариғаттағы мағынасы – Хазіреті Пайғамбарға (с.ғ.с) Алла Тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтығына шын көңілмен сену болып табылады.
Иман етудің негізгі қағидасы жүрекпен бекітіп, тілмен айту. Себебі, бір адамның толық мұсылман болуы үшін иман негіздерін жүрегімен қуаттап, тілімен сенгендігін айтуы тиіс.
Иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ)
Иманның негізгі шарты жүрекпен қуаттау болып келеді. Себебі, аяттар мен хадистер иманның жүректе болатындығын білдіреді. Иман қолмен ұстап, көзбен көрінетін нәрсе емес, тек жүрекпен сезіледі. Мұны мынадай аяттардан анық байқауға болады.
«Әй, Пайғамбар! Ауыздарымен: «Сендік», – деп жүректері сенбегендермен яһудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпесін» (5.Майда-41).
Өйткені, олар Пайғамбарымыздан бір зат алу ниетімен өздерін мұсылман ретінде көрсетіп: «Біз де иман келтірдік», – дейді. Бірақ, Алла олардың иман етпегенін, тек тілімен айтқандықтан жүректеріне әлі иман кірген жоқ, жай тілмен айтып тұрғанын баян етеді.
«Бәдәуилер: «Иман келтірдік», – деді. Мұхаммед оларға айт: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда, «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені иман жүректеріңе кірмеді» (49.Хужурат-14).
Міне, осы екі аят бізге жүрегіне иман кірмеген, әрі толық қуаттамаған адамның жағдайын баян етуде. Бұл екі аят негізінен жүрегімен иман етпеген бәдәуи арабтар жайында түскен. Өйткені, олар Пайғамбарымыздан бір зат алу ниетімен өздерін мұсылман ретінде көрсетіп: «Біз де иман келтірдік», – дейді. Бірақ, Алла олардың иман етпегенін, тек тілімен айтқандықтан жүректеріне әлі иман кірген жоқ, жай тілмен айтып тұрғанын баян етеді.
Ал мына аят: «… Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған, әрі оларды өз жағынан бір нұрмен қолдаған» (58.Мужадәлә-22) – деп, мәңгілік жәннәтта болатын жандардың иманынан хабар береді.
Думан БАЛЫҚШИЕВ,
«Жылыой мұсылмандар» мешітінің ұстазы.