Исламдағы сөз жауапкершілігі дегеніміз не?

Алла Тағала Құранда: «Әлде сен (уа, адам баласы) Алланың жақсы сөзге («Алладан басқа тәңір жоқ» деген сөзге) қалай мысал келтіргенін көрмедің бе? Ол (жақсы сөз) тамыры берік, ал бұтағы көкпен таласқан жақсы (құрма) ағаштай.

Ол (ағаш) жемісін Раббысының қалауымен әр кез беріп тұрады. Алла адамдарға үгіт алсын деп осылай мысалдар келтірді. Ал жаман сөздің (күпір сөздің) мысалы жердің үстінен жұлып алынған тұрлауы жоқ жаман ағаш тәріздес. Алла Тағала иман келтіргендерді, дүние тіршілігінде де, ақыретте де берік («Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі» деген сөзбен) бекітеді. Ал залымдарды Алла адастырады һәм Алла қалағанын жасайды», – дейді.

Біз төменде сөздің адам өміріндегі алатын орны, пайдасы мен зияны, оның жауапкершілігіне қысқаша тоқталып өтсек.

1. Сөз және оның адам өмірінде алатын орны. 

Тіл – Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен нығметінің бірі. Алла Тағала Құранда: «Біз оған екі көз бермедік пе? (Сөйлесін деп) бір тіл, екі ерін (бермедік пе), – деген. 

Сөйлеу арқылы адам басқа жаратылыстардан ерекшеленеді әрі сөйлесу арқылы адамдар бір-бірімен байланыс құрады. Сөйлеу арқылы адам ішіндегі сезімдері мен ойын екінші адамға жеткізеді. Бұл – Алланың адам баласына берген шексіз нығметінің бірі. Осы ұлы нығметке ишара етіп, Алла Тағала Құранда: «Және (Алланың) белгілерінің бірі – көктер мен жердің жаратылысы, тілдерің мен түстеріңнің айырмашылығы. Шынында бұларда білгендер үшін белгілер бар», – деді.

2. Сөздің пайдасы және зияны.

Алла Тағала жоғарыда келтірген «Ибраһим» сүресінде жақсы сөзді тамыры берік, бұтағы көкпен таласқан, әрдайым жеміс беретін ағашқа ұқсатты. Келесі аятта жаман сөзді жер бетіне жұлып алынған тамыры жоқ жаман ағашқа ұқсатты. Қандай теңеу десеңші! Жақсы ағаштың жемісінен адамдар әрдайым пайдаланғаны сияқты, жақсы сөз де адамдарға бақытты болуда, жақсылықта пайдасын береді. Ал жаман сөз кеуіп қалған, өлі ағаш сияқты, онда ешқандай жақсылық жоқ әрі жеміс те бермейді.

3. Сөз жауапкершілігі.

Мұсылман адам өзінің ісіне де, айтқан сөзіне де жауап береді. Егер жақсы сөз айтса, оның сауабын, жаман сөз айтса, күнәсін алады. Яғни адам аузынан шыққан сөзге есеп береді. Алла Тағала Құранда: «Адам қандай да бір сөз айтпасын, қасында (бәрін жазуға) әзір бақылаушы (жазарман періште) бар», – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муғаз ибн Жабалға: «Кiмде-кiм жамандықтан сақтануды қаласа, тiлiне сақ болсын», – дедi. 

4. Көркем сөзге кейбір мысалдар:

а) Жақсы сөз. Жақсы сөз айтатын адамның достары көп, жүрегі тыныш болады. Өйткені жақсы сөздің әсері егінді өсіретін су сияқты. Шариғатымыз да адамдарды Алланың тура жолына шақыруда жақсы сөздің маңызды екенін ескертіп, Құранда: «Және адамдарға жақсы сөз айтыңдар! Намазды орындаңдар, зекет беріңдер!», – дедi.

ә) Тура сөз. Ол – хақты хақ дейтін, жалғанды жалған дейтін өткір қылыш сияқты қара қылды қақ жаратын сөз. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және тура сөз сөйлеңдер!» , – дедi.

б) Пайдалы сөз. Ол – тыңдаушы адамның дүниесіне, ақыретіне пайда беретін сөз. Алла Тағала Құранда: «Олардың құпия әңгімелерінің көбінде тек қайырсадақа не ізгілік етуге бұйыру не адамдардың арасын жарастыру болмаса, еш қайыр жоқ» , – дедi.

5. Жаман сөзге кейбір мысалдар:

а) Адамдарды ғайбаттау. Ғайбат деген – бiр кiсiнiң өзi жоқта сыртынан айыбын айтуы. Егер айтқан сипат ол адамның бойынан табылса – ғайбат, егер ол сипат болмаса, жала жапқан болады. Алла Тағала Құранда ғайбат айтатын адамды өлiктiң етiн жеген кісіге теңестiріп, былай дейді: «Әрі бір-біріңді аңдымаңдар және бір-біріңді ғайбаттамаңдар. Әлде сендердің араларыңдағы бiреу өлген бауырының етiн жегенді ұната ма? Әрине, оны жек көресiңдер», – деген.

ә) Адамды әжуәлап, келеке ету. Бұл – адамның өзінің бауырына көңіліне келетін сөз айтып, оның жаратылысындағы, мінезіндегі айыбын ашып, мазақ етуі. Біреуді келеке ету ақыл тұрғысынан да, шариғат тұрғысынан да дұрыс емес. Өйткені адамдардың дәрежесі әртүрлі. Бір адамның дене бітімінде айып болғанымен, түсінігі, білімі жағынан басқасынан артық болуы мүмкін. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Ешбір қауым екінші басқа қауымды мазақ қылмасын! Бәлкім солар (мазақ қылғандары) өздерінен қайырлы болар. Сондай-ақ әйелдер әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді мінемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін пасықтық неткен жаман. Ал кім тәубе қылмаса, міне, солар – залымдар», – деген.

б) Алланың және Пайғамбарының атынан өтірік сөйлеу. Бұл – Алла Тағала, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтпаған бір сөзді айтты деу. Сондай-ақ білімсіз пәтуа беруді де, адалды арам, арамды адал деп айтуды да осыған жатқызса болады. Алла Тағала Құранда: «Һәм Аллаға жалғанды жала қылып жабу үшін: «Мынау – адал, мынау – арам», – деп өтірік айтпаңдар. Негізінде Аллаға жалғанды жала қылып жапқандар мұратына жетпейді!» – деген.

6. Өзіне қатысы жоқ бос сөз сөйлеу.

Шариғатымыз жақсы сөз айтуға бұйырып, жаман сөзден тыйды. Сондай-ақ бос, бекер сөзден де сақтандырды. Өйткені өзіне қатысы жоқ іске араласу, адамдардың оны айыптауына себеп болады. Кейбір орындарда пайдасыз сөз сөйлегеннен гөрi үндемей, сабыр сақтаған дұрыс. Себебі өзіне қатысы жоқ іске аралассаң, өзіңе ұнамаған, өзің разы болмайтын сөзді естуге душар боласың. Әли ибн Әбу Тәліп (оған Алла разы болсын) пайдасыз, бос сөз айтқан адамға: «Сен амал дәптеріңді пайдасыз сөзбен толтыратын болдың ғой. Өзіңе пайда беретін нәрсені ғана айт, пайда бермейтін сөзден тыйыл», – деген екен.

Жоғарыда біз тілден келетін зардаптардың кейбіріне ғана тоқталдық. Негізі тілден табатын күнә өте көп. Имам Ғазали өзінің кітабында тілден келетін жиырмаға жуық күнәні баяндап берген. Алла Тағала адам баласына тіл деген үлкен нығметті берді. Сондықтан әрбір сөзімізге мән беріп, тілімізді жаман, бос сөзден сақтап, пайдалы, дұрыс сөйлеуді нәсіп етсін!

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №11, 2024 жыл