Истиғфар айтудың сауабы

Әр адам пенделік жолмен өз пешенесіне жазылған сүрлеумен жүреді. Алдынан кезігер қым-қуыт сәттер кейде аяғын орап, енді бірде жарқабаққа әкеп тірейді. Күнәдан пәк ешкім жоқ. Шариғатымызда да өзінің күнәсін жуып-шаюдың түрлі амалы жайлы айтылады. Нәпсі атаулы адамды адастырады. Ал түзу жолға түсу үшін Алладан кешірім сұрау, яғни истиғфар айту – тағылымы мол ғибадат.

Әбу Муса әл-Ашғари былай деген: «Біздің екі тілегіміз бар еді. Оның бірі бізден кетті. Ол – Алланың елшісі, ал истиғфар айту нығметі бізбен бірге қалды. Егер ол да кеткенде, біз құрдымға құлар едік». Бұдан байқайтынымыз, Алладан кешірім тілеу ниеті әрдайым адамның санасында, жүрегінде сақталады. Өткенге кешірім тілемей, алдағы өмірден жақсылық күту қиын.

Қазіргі таңда көптеген адамдар қауіпсіздік пен бейбітшілікті іздейді. Қауіпсіздіктің ең үлкен жолы – Алла Тағалаға сыйыну (истиғфар). Себебі ол барлық нәрсенің Раббысы емес пе?! Ол күнәларды кешіріп, өзінің панасына алса, кім зиян келтіре алады?!

Истиғфар сөзі арабтың «ғофәро» түбірінен шығатын «жасыру» деген мағынаны береді. Ал терминдік мағынасы адамның Алла Тағаладан күнәсін жасырып, кешіріп, ол үшін жазаламауын сұрауы. Ендеше бүгінгі мәтінімізге арқау болған истиғфар айтудың сауабы жайлы Құран мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және сахабалар өмірінде болған оқиғаларға назар аударайық.

Құранда Истиғфар жайлы
не айтылған?

Истиғфардың сауабы жайлы көптеген Құран аятында баяндалған. Біріншіден, истиғфардың маңыздылығы сондай, Алла бізге истиғфар айтуды әмір еткен. Бұл жайлы Құранда: «Алладан жарылқау тілеңдер. Күдіксіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді», – делінсе («Бақара» сүресі, 199-аят), тағы бір аятта: «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сосын Оған тәубе етіңдер», – делінген («Худ» сүресі, 3-аят). Осы арқылы Алла Тағала біздің назарымызды тағы бір маңызды дүниеге бұрады. Ол истиғфар мен тәубе етудің байланысы. Яғни бізге шын жүрекпен кешірім тілеп, жасаған күнә-қателіктеріміз үшін тәубе етуді бұйыруда. 

Екіншіден, таңғы уақытта истиғфар айтатын адамдарды Алла Тағала мақтаған. Алла Тағала истиғфар иелерін Құран Кәрімнің көптеген жерінде мақтайды: «Олар таң сәріден жарылқану тілеушілер» («Әли Имран» сүресі, 17-аят). Ибн Кәсир бұл аятқа байланысты былай деген: «Бұл аят – истиғфарды таңғы уақытта айтудың маңызды екенінің дәлелі. Жақып (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар балаларына: «Сендер үшін Раббымнан жарылқау тілеймін. Өйткені Ол аса жарылқаушы, ерекше мейірімді», – деген болатын. Ол бұл сөзді айтқанда таң атып келе жатқан еді». «Зәрият» сүресінің 18-аятында: «Олар таң сәріде жарылқау тілеуші еді», – делінген.

Үшіншіден, истиғфәр айту – тақуалардың сипаты. Құранда бұл жайында былай делінген: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жәннатқа жарысыңдар. Олар – кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар – ашуын жеңушілер, адамдарды кешірушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» («Әли Имран» сүресі, 133-136 аяттар).

Төртіншіден, Алла Тағала истиғфар етушілерді кешіреді. «Ниса» сүресінің 110-аятында бұл жайында: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса да, содан соң Алладан жарылқану тілесе, Алланың жарылқауын, ерекше мейірімін табар еді», – делінген («Ниса» сүресі, 110-аят). 

Бесіншіден, истиғфар ету жақсылықтың артуына себеп болып, жамандықтың бетін қайтарады. Бұл жайында Құранда былай делінген: «(Сондай-ақ оларға): «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол – өте жарылқаушы», – де. Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жаудырады. Әрі өздеріңді малмен, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады. Алланың ұлықтығын ойламайтын сендерге не болды? Расында ол сендерді түрлі жағдайларда жаратты» («Нұх» сүресі, 10-14 аяттар).

Алла елшісі мен сахабалар
өміріндегі истиғфар

Ғұмыры көркемдікпен көмкерілген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадисінде истиғфар туралы арнайы тоқталған. Пайғамбарымыз күнәсі болмаса да, Алла сүйген құл болса да, күн сайын истиғфар айтуды тоқтатпаған. Әбу Һұрайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алламен ант етейін, мен күніне жетпістен аса кешірім тілеп, тәубе етемін».

Алла истиғфар айтқан адамның ризығын арттырады. Абдулла ибн Аббастан жеткен тағы бір хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің истиғфары көп болса, Алла оның уайымын сейілтеді. Әрбір қиындықтан шығар жол көсетеді және ойламаған жерден ризықтандырады», – деген (Ибн Мәжа). Ризығы ортая бастаса, адам тағатсызданады. Ризығын көбейтудің түрлі жолын іздейді. Сол жолдың бірі Алладан кешірім тілеу екенін хадистен аңғарсақ болады. Ризықтың кілті оның құдыретінде болған Алла таңертең ашқұрсақ ұясынан ұшқан құсты ризықтандырғанындай, ойламаған жерден адамға да ризық есігін ашады.

Истиғфар – дерттің шипасы. Қатада (оны Алла рақымына бөлесін) былай дейді: «Құран сендердің дерттерің мен оның емдеу жолын көрсетеді. Дерттерің – сендердің күнәларың, ал емдеу жолы – истиғфар ету». Хасан әл-Басри: «Үйлеріңде, дастарқан басында, жолдарыңда, базарларда, жиналыстарыңда, қайда болсаңдар да, истиғфарды көбейтіңдер. Себебі Алланың кешірімі қашан келетінін білмейсіңдер», – дейді. 

Истиғфар – қабірдегі көршің. Адамның бұл дүниеде айтқан истиғфары қабірінде де пайдасы тигізеді. Бұл жайында Әбу Минһал былай деген: «Құлдың қабірдегі ешбір көршісі оның истиғфарындай бола алмайды».

Истиғфардың түрлері

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) истиғфардың бірнеше түрі болатынын айқан. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ.

1. Истиғфардың төресі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Аллаһуммә Әнтә Рабби, лә иләһа иллә Әнтә, халәқтәни уә әнә `абдукә, уә әнә `алә аһдикә уә уә`дикә мә-стәтағту, ә`узу бикә мин шәрри мә санә`ту, әбуу ләкә бини`мәтикә`әләййа, уә әбу-у би-занби, фәғфир ли фә иннәһу лә йағфиру-з-зунубә иллә Әнта» (Мағынасы: «Я, Алла! Сен менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Сен мені жараттың, ал мен Сенің құлыңмын. Meн күш-құдіретім жеткенше Саған деген уәдемді әрі сертімді сақтаймын. Әрі жасаған істерімнің жамандығынан Өзіңе сиынамын. Маған берген нығметтеріңді мойындаймын әрі күналарымды да мойындаймын. Мені жарылқай гөр! Шын мәнінде, Сенен өзге күнәні жарылқаушы ешкім жоқ») деп айтып, сол түнде қайтыс болған адам жәннатқа кіреді. Ал мұны таңертеңгі уақытта айтып, сол күні қайтыс болған адам жәннатқа кіреді» (Әбу Дәуіт).

2. «Аллаһуммә инни заләмту нәфси зулмән кәсиран уә лә яғфируз-зунубә иллә әнтә. Фәғ-фир ли мәғ-фиратән-мин ъиндикә уәр-хамни иннәкә әнтәл ғафурур-рахим» (Мағынасы: «Я, Алла! Шын мәнінде мен өзіме аса көп зұлымдық жасадым. Күнәларды кешіретін Өзіңнен басқа ешкім жоқ. Өз жарылқауыңмен мені кешір де, маған рақым ет. Расында Сен аса жарылқаушы, ерекше мейірімдісің»).

3. «Астағфируллаһ әл-азим уә әтубу иләйһ» (Мағынасы: «Ұлы Алладан күнәларым кешірім сұраймын және Оған тәубе етемін». 

Алла Тағала құлын жақсы көреді. Күнә жасаған адам тәубе етсе, кешіреді. Ендеше, жоғарыда айтылған истиғфар түрлерін күнделікті өмірімізге енгізіп, Алла Тағала уәде еткен сауаптарды алуды нәсіп етсін!

Қуаныш ЖҰМАБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысының бас имамы

«Иман» журналы, №10, 2024 жыл