«Қазым» деп атаңыз…
— Неге өз атыңызды айтқыңыз келмейді?
— Атым маңызды емес. Маңыздысы — басымнан өткен жол. Егер бір адам сол жолдан сабақ алса, соның өзі жетеді. Мені «Қазым» деп атай беріңіз…
Қазымның балалығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. 90-жылдар. Ел еңсесін енді тіктеп жатқан шақ. Көп отбасының тіршілігі күйбеңмен өтті, тәрбиеге уақыт та, мүмкіндік те тапшы болды. Ол да сол кезеңнің баласы еді. Тентектеу, шәлкес мінез. Көше тәрбиесі — оның алғашқы «мектебі» болды.
— Сол кезді қазір қалай еске аласыз?
— Бала болдық қой… Ақ пен қараны ажырата алмадық. Көшеде кім мықты — соның сөзі заң. Ұрлықты ерлік көрдік, төбелесті намыс санадық.
Он төрт жасында алғаш рет темір тордың ар жағынан өмірге қарады. Ұрлық. Сот. Бір жыл. Бала көңілге ауыр соққы болғанымен, ол кезде бұл да сабақ бола қоймады. Түрмеден шыққан соң да көше тірлігі жалғасты. Араға жылдар салып, тағы да төбелес. Тағы да темір есік жабылды.
— Сол сәттерде қорқыныш болды ма?
— Қорқыныш емес… бос кеуде еді. «Маған ештеңе болмайды» деген жалған сенім. Бірақ Құдайдың қалауымен, небір қиындықты көріп, аман шықтым.
Қала өмірі Қазымды бірте-бірте ішке қарай емес, сыртқа қарай сүйреді. Күшке сену, үстем болу, билік жүргізу. Ол түнгі клубта бас күзетші болды. Қарамағында адамдар. Бұйрық. Қаталдық. Қара күшке құрылған тәртіп.
— Сол кезде өзіңізді қалай сезіндіңіз?
— Бәрі бар сияқты. Бірақ ішім бос. Түн тыныш, бірақ жаным мазасыз.
Ізденіс оны дінге алып келді. Алайда алғашқы қадамдары да түзу болмады. Өзі секілді адасып жүргендермен жолығып, радикалды бағытқа кіріп кетті. Барлығын жоққа шығару. «Біздікі ғана дұрыс» деген қатал көзқарас. Өзгеге орын жоқ.
— Ол жолдан қалай шықтыңыз?
— Жек көру — жүректі қарайтады екен. Намазда тұрсам да, ішімде тәкаппарлық болды. Сол кезде түсіндім: бұл — хақ жол емес.
Шынайы бетбұрыс оңай келмеді. Намазға келгенде нәпсіні сындыру ең ауыр сынақ болды. Бұрын бұйрық берген адам енді мешіт ауласын тазалады. Әжетханасын жуды. Үндемей. Көрінбей.
— Бұл не үшін керек болды?
— Өзімді тәрбиелеу үшін. Нәпсіні жерге салу үшін. Аллаға бір қадам жақындау үшін.
Бүгін Қазым — алты баланың әкесі. Ол әке болудың жауапкершілігін бұрынғы өмірімен салыстыра қарайды. Қазір ол білім алып жүр. Асықпай, сабырмен. Өткенін ұмытпай, бірақ соған қайта оралмай.
— Өміріңізден қандай қорытынды шығардыңыз?
— Адам бір-ақ сәтте түзеліп кетпейді. Бірақ шын ниет болса, Алла жол көрсетеді. Ең бастысы — кеш емес екенін түсіну.
Қазым әңгімесін аяқтағанда дауысы бәсең шықты. Бұл — жеңілген адамның үні емес. Бұл — нәпсісін таныған, өткенін мойындаған адамның дауысы еді.
Жалғасы бар….
Сұхбаттасқан Нұркен Мағриденұлы
