Махамбет аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде қызметкерлермен рухани бағыттағы кездесу өтті. Шараға ауданның бас имамы Нұрбек Ибадуллаев қатысып, имандылық пен жауапкершілік тақырыбында насихат айтты.
Имам өз сөзінде Алланың адамға аманат еткен өмірі мен денсаулығын қадірлеу, адал еңбек ету және харам істерден сақтану туралы айтты.
Сондай-ақ ол құмар ойындарының (лудомания) адамды рухани әлсіретіп, отбасына, қоғамға зиян тигізетінін атап өтті. Бұл дерттен арылудың жолы – намаз, дұға және пайдалы іспен айналысу, уақытты бос өткізуден тыйылу екенін айтты. Имам суицид, ішімдік пен нашақорлыққа қатысты да діни тұрғыдан түсіндіріп, бұл әрекеттердің Алланың тыйым салған істері екенін еске салды.
Кездесу соңында Нұрбек Ибадуллаев қызметкерлерді салауатты өмір салтын ұстануға, отбасына мейіріммен қарауға және рухани тазалықты сақтауына шақырды.




 

