Мақат ауданында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Мақат ауданында ауданның бас имамы, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Біләл Сүннетқожаұлының қатысуымен рухани-ағартушылық бағыттағы екі маңызды кездесу өтті.

Алдымен аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерімен “Отбасындағы татулықтың өзегі” тақырыбында әңгіме өрбіді. Кездесу барысында имам отбасындағы өзара сыйластық, ер мен әйелдің жауапкершілігі, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ, исламдағы отбасылық құндылықтардың қоғамның тұрақтылығына әсері түсіндірілді.

Ал келесі кездесу теміржол саласының қызметкерлерімен өтті. Бұл жиында жат ағымдардың алдын алу, дін мен дәстүрдің сабақтастығын сақтау, және рухани қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Имам дәстүрлі ислам ұстанымдары мен радикалды ағымдардың айырмашылығын түсіндіріп, деструктивті идеологияның зардаптары туралы мысалдар келтірді.

Екі кездесудің де мақсаты — қоғамдағы рухани бірлік пен тұрақтылықты нығайту, халық арасында діни сауаттылықты арттыру болды.