Атырау қаласы Алғабас ауылында орналасқан Мәулімберген мешітінің ұйымдастыруымен Мәуліт мерекесіне арналған рухани шара өтті. Игі жиынға Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы арнайы қатысып, жамағатқа насихат айтты.
Өз сөзінде бас имам:
“Мәуліт – сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келген мүбәрак айы. Бұл мерекенің мәні – Алла елшісінің өнегелі өмірінен үлгі алу, имандылыққа ұмтылу және бір-бірімізге мейіріммен қарауды үйрену. Пайғамбарымыздың әрбір ісі – адамзатқа үлгі. Мәуліт бізді бірлікке, ізгілікке және бауырмалдыққа үндейді” – деп атап өтті.
Шарада ауылдың ақсақалдары да ақ батасын беріп, игі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, мешіт жастары Мәуліт жырын оқып, сахналық қойылым қойып, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.
Мәуліт мерекесіне арналған бұл басқосу жамағатты имандылыққа, бірлікке және пайғамбарлық өнегеден тағылым алуға шақырды.











