Республика күніне орай Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы ақ жаулықты аналар мен әжелермен жылы жүздесу өткізді.
Кездесу барысында бас имам:
“Бүгінгі Республика күні — бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің жемісі. Осы тәуелсіз елде ұрпағымыздың иманды, рухы биік болып өсуі — сіздер сіңірген тәрбиенің арқасы. Дініміз де, дәстүріміз де ананы ардақтауға үндейді. Елдің берекесі — аналардың ақ батасында, ұлттың ұйытқысы — әжелердің өнегесінде. Біз сіздердің еңбектеріңізге ризамыз, Алла тағала дендеріңізге саулық, жүректеріңізге қуаныш нәсіп етсін,” — деді.
Болатбек Ұласқанұлы сондай-ақ отбасы құндылықтарын сақтау, жастарға имандылық пен ізгілік дәнін себудің маңыздылығын айтып өтті.
Кездесу соңында бас имам әжелерге естелік сыйлықтар табыстап, ақ батасын алды.
Жылы жүздесуде Республика күні мерекесінің рухы мен аналардың ізгі тілегі айрықша сезілді.













