МЕШІТ ИМАМЫНА БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Қасиетті жұма күні Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылында екі бірдей қуанышты оқиға болды: жаңадан салынған мешіттің ашылуы және сол мешіттің имамы Бекзат Қожасовқа “Ел үлесі – пәтерге” жобасы аясында жаңа баспананың кілті табысталды.

Салтанатты рәсімге Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы арнайы қатысып, жаңа қоныс иесін құттықтап, ақ батасын берді.

“Аллаға шүкір, ел болып, жұрт болып бір игі істің куәсі болдық. Бұл тек бір жанұяға берілген баспана емес, бұл – дінге деген жанашырлықтың, имамға деген құрметтің көрінісі. Дін қызметкері жайлы үйде тұрып, халыққа адал қызмет етсе, ол – елдің ырысы. Жаңа шаңырақ берекелі, бақ-берекесі мол болсын. Алла разы болсын”, – деді бас имам өз сөзінде.

Аталмыш баспана – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жүзеге асып жатқан “Ел үлесі – пәтерге” жобасы аясында берілген 811-баспана. Бұл жоба дін қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыда қолдауға бағытталған.

Жергілікті жұртшылық пен жамағат имамға арналған бұл сыйлықты үлкен сауапты іс деп бағалап, қуаныштарымен бөлісті.