Батыржан Мансұров Атырауда жұма уағызын жүргізді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі, Мүфтият баспасының директоры Мансұров Батыржан Берденұлы Атырау қаласына іссапармен келіп, орталық «Иманғали» мешітінде жамағатпен жүздесті.

Сапар аясында жұма намазында Батыржан Мансұров жамағатқа «Зікір және зікірдің пайдасы» тақырыбында уағыз айтты. Уағыз барысында ол зікірдің адам жүрегін тазартып, рухани тыныштыққа жетелейтіндігін, Алла Тағаланы еске алудың мұсылман өміріндегі маңызын атап өтті. Зікір – Алланың разылығына бөленуге, жүректің тыныштық тауып, тазаруына, күнәлардың кешірілуіне себепші болатын амал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Алланы еске алуды мақсат етіп, тек Оның ризалығын ғана қалап жиналған қауымға көктен: «Күнәларың кешірілген күйде орындарыңнан тұрыңдар, сендердің жамандықтарыңның барлығы да жақсылықтарға алмастырылды» деп айтылады», – деген (имам Ахмад).


Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Алланы еске алу тілмен де, жүрекпен де орындалады. Ең абзалы – тіл мен жүректі қатар қолдану. Егер біреуімен ғана шектелу керек болса, жүрекпен еске алғаны абзал. Мақтаншақтықтан сақтану мақсатында тек жүрекпен еске алып, тілмен еске алуды назардан тыс қалдыруға да болмайды. Алланы еске алғанда тек Оның ризалығын ғана ниет ету керек», – дейді.


Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде зікір етудің көптеген артықшылықтары жөнінде айтылған. Сонымен қатар, зікірдің түрлі түрлері мен оның Пайғамбар (с.а.с) сүннетіндегі орны жайында да кеңінен түсіндірме берді. Жұма намазынан соң Батыржан Берденұлы жамағатпен бірге ел амандығы үшін дұға тіледі