Несібеңе разы бол!

Алланың бергеніне, мейлі ол денсаулық болсын, байлық, қабілет болсын, разы болу – Құранның өсиеті, Алланың бұйрығы. Алла Тағала Құран Кәрімнің Ағраф сүресінің 144 аятында:   «Ендеше, саған бергендерімді ал да, шүкірлік етушілерден бол» – деген.

Атақты табиғин Ато ибн Әбу Рабаһ өз заманының ғалымы еді. Өзі құл, қара нәсілді, бұйра шашты, пұшық кемтар болса, табиғин Ахнаф ибн Қайс өте арық, бүкір, маймақ, дене бітімі ұсқынсыздау жан болған.

Әл-Ағмаш өте атақты хадис ғалымы. Бұл кісі де құл, көзі нашар көретін, өте кедей, киімі қырық жамау, үйі де жұпыны болған екен. Бұл аталған атақты ғалымдардың ешқайсысы өздерінің бұл халдеріне наразылық танытып, өкінген емес. Ал Пайғамбарлардың өміріне көз жүгіртсек, олардың әрқайсысы түрлі саланың маманы болғанын көреміз.

Дәуіт пайғамбар темір ұстасы, Зәкәрия пайғамбар ағаш шебері, Ыдырыс пайғамбар тігінші, Иса пайғамбар шопан, соңғы елшісіміз Мұхаммед (Алланың оған  игілігі мен сәлемі болсын) сауда саттықпен айналысқан. Міне адамдардың ішіндегі ең ізгілерінің өмірінің өзі қарапайым.

Олай болса, Алланың саған берген ырыздық – несібесіне, қабілетіңе түр-әлпетіңе, мүмкіншіліктеріңе, барыңа қанағат қыл.Өзіңе тимеген үлес үшін қайғырма. Алланың берген несібесіне разы бол! Алланың елшісі (Алланың оған  игілігі мен сәлемі болсын) Тирмизиде  жеткен хадисінде:

«Кімнің жүрегі тыныш, дені сау және бір күндік азығы бар күйде ұйқыға кетсе, оған дүние толығымен иелігіне берілгендей болады» – деген.

         Адам баласының нәпсісі екі түрлі мінезді болып келеді. Біріншісі пенденің басына қиын күн туа қалса, аспанды тастап жіберуден тайынбайды. Аллаға наразылығын білдіреді. Сабырды ұмытып, тіпті айтқанға көнбейді. Екіншісі, денсаулығы бар уақытында ол үшін бұдан басқа нәрсе  жоқ. Ойнап-күліп нәпсіні тояттандырудың қамын қылады. Тамақтың бір түріне тояттамай дастарқанына түрлі тамақ алдырады, үйіндегі сүйіп қосылған әйелін кінәлап, басқасын армандайды. Көліктің де ең жақсысын аңсайды.

Әрдайым заманының ең озығын таңдайды. Қолындағының  барлығынан кемшілік тауып, ең кемелін іздейді. Осылайша қолындағы барлық рахатты өз нәпсіқұмарлығымен азапқа айналдырады. Мұндай жанның құлқыны бір уыс топырақпен ғана толады.  Қолда барды қанағат тұтпай, наразылық таныту адамды көптеген қиындықтарға жетелейді. Соңы жоқ азаппен, таршылықпен күн кешеді. Ақыреттің және осы дүниенің қиындығын тартатындар – өздеріне тиіс еместі іздегендер әрі шамасы жетпейтін істің соңында жүргендер де солар. Сол үшін Пайғамбарымыз (Алланың оған  игілігі мен сәлемі болсын):

«Пәни дүниеде өздеріңнен үстем болып, жоғары тұрғандарға емес, төмен тұрғандарға қараңдар. Өйткені бұл сендерді Алланың берген нығметтерін азсынып, қанағат тұтпаудан сақтайды.»

Несібем артсын десеңіз мына жеті маңызды кеңесті ұстаныңыз:

1. ТАҚУАЛЫҚ. 

Құран Кәрімде: «…Кім Алладан қорқып, тақуалық етсе, Ол шығатын жол жасайды. Әрі Ол оған оның өзі ойламаған жақтан ризық береді…»,(Талақ сүресі 2-3 аяттар) – деген аят тақуалық әркімнің қолынан келмейтін қазына есіктерін айқара ашатын қасиетін паш етуде.

2. ИСТИҒФАР. 

Истиғфар – біліп-білмей, байқамай немесе әдейі жасалған үлкен-кішілі күнәлары үшін өкініп Алла Тағаладан кешірім сұрау. Құран Кәрімде: «Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші. Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады» (Нұх сүресі 10-12 аяттар) – десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім көп истиғфар айтса Алла Тағала әрбір уайым-қайғының артын қуаныш, әрбір қылыс-таяң кезінен кейін шығатын жол көрсетіп, ойламаған жерден ризық-несібесін береді» (Ахмад) – деп, истиғфар сырын ұқтыруда.

3. ТӘУЕКЕЛ. 

Құран Кәрімде: «…Ал, кім Аллаға жүгініп, Оған тәуекел етсе, Ол оған жеткілікті…» (Талақ сүресі 3 аят) – десе, хадисте: «Аллаға лайықты және шынайы түрде тәуекел етсеңдер құс сияқты несібелі болар едіңдер. Құс ұясынан жемсауы бос боп ұшып шығып, кешке толтырып қайтып келеді»,(Тирмизи) – деп баяндайды.

4. ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім ризық-несібесі кең болуын және өмірінің ұзақ болуын қаласа, туысқандарымен жақсы болсын» (Бұхари) – деп, ағайын тату болса, шаңыраққа берекет тұрақтайтынын түсіндіруде.

5. САДАҚА ЖАСАУ. 

Құран Кәрімде: «…Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» (Сәбә сүресі 39 аят) – деп әмір етілген. Расында, садақа мың бір қасиеті бар тылсым құлшылық.

6. ДҰҒА. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Умамәға (р.а.): «Алла Тағала уайымыңды кетіріп, қарызыңнан құтқаратын сөздерді үйретейін бе?» – деді. Әбу Умамә: «Әрине, уа Алла елшісі!» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Таң атса және кеш батса: «Уа, Алла! Уайым мен қайғыдан Сенен пана сұраймын, әлсіздік пен жалқаулықтан Сенен пана сұраймын, қорқақтық пен сараңдықтан Сенен пана сұраймын, қарызға батып, адамдардың өктемдігіне қалудан Сенен пана сұраймын, – деп айт», – деді. Әбу Умамә: «Мен осы сөздерді айтып, уайым-қайғы мен қарыздан құтылдым, – дейді» (Әбу Дауд)

7. НЫҒМЕТКЕ ШҮКІРШІЛІК. Құран Кәрімде: «Егер шүкіршілік етсеңдер, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін…» (Ибраһим сүресі 7 аят) – деп әмір етілген. Омар бин Абдулазиз (р.а.): «Алланың берген нығметін Аллаға шүкіршілік етумен байлап ұстаңдар. Шүкіршілік – нығметті мықтап ұстайды», – деген екен.

Ендеше, несібелі де берекетті болуды қаласаңыз иманыңызды қуаттайтын әрі табысыңызға берекет кіргізетін осынау құлшылықтарды күнделікті әдетіңізге айналдырыңыз. 

Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы