“Сіз не жоғалтсаңыз да, өзіңіздің қазіргі қалпыңызбен болыңыз.” Бұл — рухани жаңғырудың кілті. Өмір жолында әркімнің сүрінген сәті, адасқан күні болады. Бірақ сол сәттерде адам өзін тастап қоймауы керек. Себебі Алла Тағала былай дейді:
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын
“Уа, өздеріне зұлымдық жасаған құлдарым! Алланың рахымынан күдер үзбеңдер! Расында, Алла барлық күнәларды кешіреді…”
(Құран, «Зүмәр» сүресі, 53-аят)
Адам баласы өткенімен өмір сүріп қалмауы тиіс. Қайта, өткенге тек Алладан кешірім сұрау арқылы сабақ алып, болашаққа жол сілтеуі қажет. Құр өкіну — шайтанның айласы. Пайғамбарымыз Алланың ол кісіге сәлемдері мен салауаттары болсын былай дейді:
“Егер ‘солай істегенімде, бұлай болар еді’ десеңдер, шайтанға жол ашасыңдар. Алайда: ‘Алла тағдырды солай жазды және Ол қалағанын жасайды’ деңдер.”
(Муслим жеткізген)
Бүгінгі күн – миллиардтаған адамның арманы
Бүгін тірі екенің – Алланың ерекше нығметі. Бүгінгі таң – қабірдегі сансыз адамдардың армандап жетпеген сәті. Хакім Абай атамыз айтады:
“Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?”– деп, әр күннің маңызын, өмірдің мәнін ұғынуға шақырады.
Алла Тағала Құранда:
“Сонда олар: ‘Раббымыз, бізді бұл жерден шығарып, бұрынғы істеген жаман істеріміздің орнына жақсыларын істейікші!’ дейді. (Сонда оларға:) ‘Жоқ! Сендерге жеткілікті өмір берілмеп пе еді?!’”
(Фатыр сүресі, 37-аят)
Өткеніңе әкелік мейіріммен қарап көрші
Өткеніңе тек өкінішпен емес, махаббатпен әрі әкелік мейіріммен қара. Себебі ішкі бала – жараланған естеліктердің айнасы. Бұл — адамға өзі туралы қайтадан жылы көзбен ойлануға мүмкіндік береді. Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз айтқан: “Адамның ең жаманы – өткеніне өкініп, ертеңін ойламайтыны.”
Өткеніңді көркем істеріңмен ғана еске ал. Бұл саған жақсылыққа құштарлық пен алға жылжуға шабыт береді.
Амал мен ниет: Алланың разылығы үшін әрекет ету
Адамдар не дейді деп емес, Алланың разылығына ұмтылып әрекет ет. Себебі әрбір әрекет – ниетке байланысты. Хадисте:
“Амалдар ниетке байланысты. Кімнің хижреті яғни көшіп қоныстануы Алла мен Оның Елшісі үшін болса – хижреті Алла мен Оның Елшісі үшін болады…”-делінген
(Бұхари, Мүслім)
Қазақ зиялыларының “Мақсатың – халқыңа қызмет болса, мінезің – сабыр мен шындық болсын.”-дейді Ахмет Байтұрсынұлы
Тәртіппен жылжу – мұсылманға тән сипат
Жоспарлы түрде, дисциплинамен, яғни тәртіппен жылжу – мұсылман мінезінің көрінісі. Пайғамбарымыз Алланың ол кісіге сәлемдері мен салауаттары болсын сахабаларын үнемі тәртіпке, уақытты тиімді пайдалануға, күнделікті жоспары бар өмірге үйреткен. Бұл туралы Ибн Масғұдтан жеткен хадисте:
“Мен еш нәрсеге, күн батып бара жатып оның орнында ешқандай амал істей алмағаныма өкініш білдіргенімдей өкініш білдірмеймін.”-деп айтқан болатын
Үмітпен жылжу – мүміннің жолы
Өткенге үмітсіздікпен қарау – шайтанның әдісі. Мүмін әр сәтте өзін жақсылыққа қайрап, өткенін кешіріммен, болашағын сеніммен қарсы алуы керек. Себебі Алла Тағала – ең кешірімді, ең мейірімді.
“Мұсылман – бір тесікке екі рет түсіп қалмайтын адам.”
(Хадис)
Сондықтан да, өмірде не жоғалтқаныңыз маңызды емес, өзіңізді жоғалтпау маңызды. Сіз тірісіз – бұл үлкен мүмкіндік. Ендеше бүгінгі күніңізге шүкірлікпен, өткенімен сабақ ретінде, болашағыңызға үмітпен қараңыз.
Қағазғалиев Ержан Қуанышұлы Атырау қаласы «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы