Орамал үшін қызметін құрбан еткен ана

1999 жылдың сәуір айы. Түркия парламентінің мінберіне орамал таққан жас әйел көтерілді. Бұл сәт Түркия тарихындағы ең үлкен саяси дауылдардың біріне айналарын ешкім білген жоқ. Ол — Мерве Сафа Кавакчы, дін мен ар-намысты қорғай отырып, өз орнын құрбан еткен әйел еді.

Иманның ләззаты барлық нәрседен жоғары

Мерве Кавакчы — білімді, парасатты, шетелде білім алған түрік қызы болатын. Гарвард университетінен магистр дәрежесін алған, саясат ғылымының маманы. Сол жылы ол «Фазылет» партиясының атынан депутаттыққа өтеді. Бірақ парламенттегі алғашқы күні — оның өмірін мәңгі өзгертті.
Анкарадағы мәжіліс залына басына орамал тағып кіргені үшін бүкіл зал даурығып оған қарсы шықты.
Осы оқиғадан кейін Мервенің депутаттық мандаты тоқтатылып, Түркия азаматтығынан да айрылады. Бірақ ол өз ұстанымынан тайған жоқ.

Ғылым мен сенім жолында

Мерве ханым АҚШ-қа кетіп, ғылымға ден қойды. Ол жерде Ховард университетінде докторлық дәрежесін қорғап, ислам әлеміндегі әйелдердің құқықтары мен қоғамдық өмірдегі рөлін зерттеді. Оның еңбектерінде “орамал — бөгет емес, керісінше рухани еркіндіктің белгісі” деген ой жиі қайталанады.
Уақыт өте келе Түркияда саяси ахуал өзгеріп, дінге деген көзқарас жұмсара бастады. Ердоған билікке келген соң, Мерве Кавакчы елге қайта шақырылып, 2017 жылы Түркияның Малайзиядағы елшісі болып тағайындалды. Осылайша, кезінде қуғындалған әйел елінің ресми өкіліне айналды.

Ана арманын қызы жалғады

Мерве ханымның өмірі тек өз ерлігімен емес, қызы Фатма Абушанабтың табыстарымен де жалғасын тапты. Фатма — ағылшын, түрік және араб тілдерін жетік меңгерген, АҚШ-та туған, қазіргі таңда Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның халықаралық кездесулердегі аудармашысы және кеңесшісі ретінде танымал.

Орамал тағып, анасының жолын жалғаған Фатма бүгінде Түркияның беделді жас әйелдерінің бірі. Ол бірнеше маңызды саммиттерде, оның ішінде БҰҰ мен G20 жиындарында Ердоғанның жанында аудармашы қызметін атқарды. Түрік БАҚ-тары оны “анасының құрбандығының жемісі” деп сипаттайды.

Сабырдың жемісі

Мерве Кавакчы 1999 жылы орамал үшін орнынан айырылды,
ал арада жиырма жыл өткен соң, оның орамал таққан қызы президенттің жанында тұр.
Бұл — тарихтың әділдігі.
Бұл — иман мен сабырдың жеңісі.

Анасы қоғамнан шеттетілді, қызы сол қоғамда биік орынға жетті. Бұл тек бір отбасының емес, тұтас мұсылман әйелдерінің рухани жеңісі еді.

Мерве Кавакчының өмірі бізге үш шындықты үйретеді:
1. Иманды адам ешқашан ұтылмайды. Уақытша қиындық – мәңгілік жеңіске бастайды.
2. Тәрбиелі ана – болашақтың сәулесі. Фатма анасының көз жасымен суарылған жолды жалғады.
3. Орамал – шектеу емес, нұр. Ол сенімнің, ерліктің және ұлт рухының нышаны.
Мерве ханымның көз жасы мен Фатманың табысы – бір тағдырдың екі беті.
Бірі сабырмен сынақты өткерді,
екіншісі сол сабырдың сыйын алды.

Ержан Қағазғалиев Қуанышұлы «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы