Қасиетті Рамазан айының аяқталып, ұлық мереке – Ораза айттың келуі барша мұсылман қауымы үшін ерекше қуаныш. Бұл – жүректерге мейірім ұялатқан, жан дүниемізді тазартқан, сабыр мен шүкірге баулыған айдың жемісі іспетті ұлық күн.
Рамазан – адам баласын тақуалыққа тәрбиелейтін, нәпсіні тыю арқылы рухани кемелдікке жетелейтін ай. Бұл айда жасалған әрбір құлшылық, әрбір қайырымдылық іс – адамның иманын күшейтіп, қоғамдағы ізгілік пен жанашырлықты арттырады. Ауыз бекітіп, тарауих намаздарын оқып, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен әрбір мұсылманның жүрегінде мейірім мен жауапкершілік сезімі тереңдей түседі.
Ораза айт – тек бір айлық құлшылықтың қорытындысы ғана емес, ол – адам баласының рухани жаңғыруының көрінісі. Бұл күні мұсылмандар бір-біріне ізгі тілектерін арнап, өкпе-реніштерін ұмытып, татулық пен бауырмалдықты нығайтады. Айт мерекесі – адамдар арасындағы байланысты бекемдеп, қоғамдағы бірлік пен келісімді арттыратын ерекше мүмкіндік.
Дінімізде Ораза айт күні садақа беру, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсету, ағайын-туыс пен көрші-қолаңды құттықтау – үлкен сауапты істердің бірі. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік теңдікті сақтап, әрбір жанның мерекелік қуанышқа ортақ болуына жол ашады. Әсіресе, бүгінгі таңда қайырымдылық пен жанашырлықтың маңызы бұрынғыдан да арта түскені анық.
Қасиетті айт мерекесі – ұлт пен ұрпақ тәрбиесінде де маңызды орын алады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-анаға қамқор болу, отбасылық құндылықтарды нығайту – бәрі де осы мерекенің мәнімен сабақтас. Осындай ізгі дәстүрлерді жаңғыртып, жас ұрпақтың санасына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қадірлі ағайын!
Біз үшін ең үлкен нығметтердің бірі – ел тыныштығы мен жұрт амандығы. Сондықтан Ораза айт мейрамы баршамызды бірлікке, өзара құрметке және ел игілігі жолында бірлесе еңбек етуге үндейді. Қоғамдағы тұрақтылық пен рухани тұтастық – әрқайсымыздың жауапкершілігімізде.
Алла Тағала Рамазан айында жасаған барлық құлшылықтарымызды қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, әрбір шаңыраққа береке-бірлік нәсіп етсін. Жүректерімізге иман нұрын ұялатып, игі істерімізді еселей берсін.
Ораза айт мерекесі баршаңызға құтты болсын!
Алла Тағала әрбіріңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке нәсіп етсін!
Ізгі тілекпен,
Атырау облысының бас имамы
Болатбек Ұласқанұлы
