Рамазан – мүмкіндіктер айы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айы келгенде жұмақтың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылды және шайтандар шынжырланады», – дейді.
Ханафи мәзһабының фақихы Шихаб әд-Дин әтТурибишти (?-1263) бұл жердегі «ашылуды» былай деп түсіндіреді: «Алла Тағаланың мейірімін жаудыруы және пенделердің амалдары көтерілетін жолдардағы кедергілерді кетіруі. Оны бірде қолдау көрсетумен, бірде жақсы қабыл етумен жүзеге асырады» (Ғауижи, әл-Кафи, 2/552).
Демек Рамазан айын өзімен бірге құт-берекесін ала келетін құтты қонақ десек болады. Олай болса «құтты қонақты» әдемілеп, жақсылап күту керек. Шариғат тілімен айтқанда сүннет, мұстахаб, әдептерін сақтай отырып, шын ниет, шынайы ықыласпен ұстау қажет. Ғалымдардың айтуынша, Рамазан оразасының төмендегідей әдептері бар.
Тезірек ауыз ашу
Ораза ұстайтын уақыт таң намазында басталып, шам намазында аяқталады. Сондықтан шам намазының уақыты кіре салысымен намазды да оқымай тұрып ауыз ашқан жақсы. Өйткені құдси хадисте Алла Тағала: «Ауыз ашуға асыққан құлдарымды бәрінен де қатты жақсы көремін», – деген (Термизи). Бірақ бұл намаздан бұрын тамақтанып алу дегенді білдірмейді. Мұны «тек жеңіл түрде ауыз ашу» деп атасақ болады. Оның толық бейнесін мына бір хадистен байқауға болады: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқымай тұрып жаңа піскен құрмамен ауыз ашатын. Егер ондай құрма таппаса, кепкен құрмамен ашатын. Ал егер ол да болмаса, бір-екі жұтым су ішетін еді» (Әбу Дәуіт). Сондай-ақ ауыз ашатын құрманың саны тақ болғаны жақсы. Мысалы, бір, үш немесе бес құрмамен ауыз ашу. Құрмамен ауыз ашудың артықшылығын білдіретін тағы бір хадисте: «Құрмамен ауыз ашыңдар. Өйткені құрмада береке бар», – деп айтылған (Термизи). Сондайақ құрма жеп, артынан су ішсе де әдептен асқан болмайды.
Ауыз ашқанда дұға тілеу
Дұғаның қабыл болу ықтималдығы жоғары болатын уақыттар бар. Соның бірі – ауыз ашатын кез. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаған адамның ауыз ашқан уақытта тілеген дұғасы қабыл болады», – деп айтқан (Ибн Мәжа). Бұл жерде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арнайы жасаған дұғалар болғанымен, тек соны ғана жасау керек деген шарт жоқ. Сондықтан әркім өзінің дүниесі мен ақыретіне қатысты кез келген дұғаны жасай берсе болады. Әрі оның арабша болуы да міндетті емес.
Сәресі ішу
Сәресі – мұсылман үмбетінің оразасын басқа үмбеттердің оразасынан өзгеше етіп тұратын берекелі сүннет. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сәресі ішіңдер! Шынында сәресіде береке бар», – деп айтса (Бұхари), тағы бір хадисте: «Біздің оразамыз бен кітап иелерінің (яһудилер мен христиандардың) оразасының айырмашылығы – біздікілер сәресі ішеді», – деп айтқан (Дарими). Сондай-ақ сәресі уақытында тұрып бір жұтым су ішсе де, сәресі ішкен болып саналады.
Көп Құран оқу
«Рамазан» сөзі Құранда бір-ақ жерде кездеседі. Соның өзінде «Рамазан – Құран түскен ай» («Бақара» сүресі, 185-аят) деп оны Құранмен байланыстырады. Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза мен Құран Қиямет күні пендеге шапағат етеді», – дейді (Ахмад). Сондықтан Рамазан айында оразадан кейінгі ең сауапты іс – Құран оқу. Оқи алмаса тыңдау. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен басқалардың Құран оқығанын тыңдағанды жақсы көремін», – деген де сөзі бар (Әбу Дәуіт).
Көп садақа беру
Рамазан жақсы істе жарысатын ай болса, ондағы жақсы істердің бірі және бірегейі – садақа беру. Онсыз да сауабы мол ғибадат Рамазан айында одан сайын сауапты бола түседі. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең абзал садақа – Рамазан айында берген садақа», – деп айтқан (Термизи). Сондықтан Рамазан айында жан басына белгіленген пітір садақасынан бөлек ораза ұстаған жандар шама-шарқына қарай нәпіл садақаларды көбірек берген жақсы.
Ілгеріде өткен ізгі мұсылмандар Рамазанның қуаты мен шуағына шомылып, оразадан кейінгі алты айда Алланың нығметіне деген қуаныштан айыға алмайтын, ендігі алты айы қалғанда: «Раббым, бізді Рамазанмен қауыштыра көр», – деп асыға күтетін болған. Себебі бұл айда жасалар құлшылықтар, ғибадаттар мен ізгі амалдардың сауабы мың айға татырлық қасиетті қадір түні бар. Сансыз сауаптардың есігі айқара ашылып, шайтандар шынжырланып байланатын мүбәрак айдың күндерін алаңсыз, түндерін қаперсіз өткізуден сақ болайық, қадірлі мұсылман қауым!
Дастан ҚҰРМАНБАЕВ,
Қызылорда облысының бас имамы
«Иман» журналы, №3, 2024 ж